Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасымал қызметін қолға алған

Тасымал қызметін қолға алған

Осыдан 4 жыл бұрын басталған «Еңбек» мемле­кеттік бағдарламасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналды. Бағдарлама жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке тартуды мақсат етсе, тағы бір артықшылығы – жұ­мыссыздардың білім алуына мүмкіндік беруі. Жа­ңа мамандық игергісі келетіндер үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып, техникалық кәсіби бі­лім берілді. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кә­сіпкерлік негіздері оқытылып, қайтарымсыз немесе жеңілдетілген пайызбен несие алуға жағдай жасалды.

Биыл Бесарық ауылының 20 тұрғыны үшін жаңа бастаманы игеруге қолайлы жыл болды. Жұмыссыз азаматтар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ар­қылы керекті қаржыға ие болды. Жеңілдетілген пайызбен несие алып, кәсібін бастағандардың дені – мал шаруашылығымен айналысуды мақсат еткендер. Ал ауыл тұрғыны Асылай Айтмұратова қаржыны жүк көлігін сатып алуға жұмсады. Қазір «Камазды» тізгіндеген оның жұбайы Тұрар Рысбеков ауыл тұрғындарына тасымал қызметін ұсынуды қолға алды. Тұрғындардың тапсырысы бойынша құрылыс материалдарын, құм, тас тасымалдаумен айналысады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ауылда іске асырылатын кәсіптің кез келген түріне төмен пайызбен несие береді. Ол үшін жұмыссыз азаматтар «Бастау-бизнес» курсынан өтіп, сертификат алуы керек. Асылай Айтмұратова – жоғары білімді жер кадастры маманы. Оның мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндігі болмады. Сондай-ақ, қол қусырып, жұмыссыз отыруды жөн көрмеді. Осыдан 3 жыл бұрын мал бордақылауды бастаған оның отбасы кәсіп көзін одан әрі кеңейтуді жоспарлаған.

Ауыл әкімдігінен әдіскер Бибізада Бекенованың жүргізген түсіндіру жұмыстарының арқасында өз кәсібін жаңадан бастау үшін ізденді. Қолда бар малдың санын ұлғайту үшін әрі жаңа идеясын іске асыруға мемлекеттік бағдарламаға қатысу керектігін білді. Жас кәсіпкер алдымен арнайы курстан өтіп, бизнес-жоспарын әзірледі.

– Кәсіп бастаймын дегендерге жеңілдетілген пайызбен берілетін не­сиенің бар екенін біліп, құжаттарымды жинадым. Ол үшін мамандар көмекке келді. Аудан орталығындағы жұмыспен қамту орталығының маманы Айнаш Байымбетова, ауыл әкімдігінен әдіскер Бибізада Бекенова қолдау білдіріп, аз уақыт ішінде қаржыны алуымызға көмектесті. Қазір жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп әрі өз бизнесімді бастауға мүм­кіндік алдым. Ауыл тұрғындарына қажетті деген тасымал қызметін қолға алу бұрыннан ойымызда бар еді. Қаржыға ең алдымен, «Камаз» жүк көлігін алдық. Алдағы уақытта кәсібімізді тұрақты табыс көзіне айналдырып, мүмкін болса тағы да жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығын дамытуды жоспарлап отырмыз, – дейді жас кәсіпкер Асылай Айтмұратова.

Иә, шын мәнінде, 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алудың өзі ауыл кәсіпкерлеріне біраз жеңілдік. Асылай биыл 4 жыл мерзімге 3,5 миллион теңге қаржы алды. Енді ауыл тұрғындарына қызметін ұсы­натын жас отбасы кәсібінен табыс табатын болады.

Осылайша, қолдан келетін кәсіпті бастаған 4 баланың анасы Асылай жұбайы Тұрармен туған ауылын дамытуға атсалысып, өз қызметтерін ұсынуда.
Бибісара ЖАНӘЛІ

26 қазан 2021 ж. 269 0