Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПКЕРЛІК ӨРІСІ КЕҢЕЮДЕ

КӘСІПКЕРЛІК ӨРІСІ КЕҢЕЮДЕ

Ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарла­малардың тиім­ділігін пайдаға асыруда. Қолынан келетін істі қолға алып, оған қажетті қаржыны мемлекеттік бағдарламалар арқылы алып, жұмысты бастауға ниет білдіруде. Мәселен, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді қайта даярлау курсына 10 адам тіркеліп, «жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға» бағытталған жобалар бойынша 500 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алуға 10 жоба (кондитерлік цех, сән салоны, шаштараз, тігін тігу, визажист, т.б) ұсынылған. Оның ішінде 2 жоба бойынша (кондитерлік цех ашу және дәнекерлеуші) екі адам грант ұтып алды. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының грант бөлу тетігі бойынша 29 жасқа дейінгі жастардың құны 14,6 млн. теңгені құрайтын 11 жобасы (компьютерлік қызмет көрсету, ұялы телефон жөндеу, сән салоны, тігін цехын ашу, ветеринарлық дәріхана ашу, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы, кондитерлік өнім өндіру цехы және т.б) жүзеге асырылады деп күтілуде.
Сондай-ақ 2019 жылдың бірінші кезеңінде «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС арқылы құны 10,0 млн. теңге болатын 3 жоба ұсынылып, бүгінгі таңда 1 жоба мақұлданды. «Жолау­шылар тасымалы» жобасының құжаты рәсімделіп, қаражаты күтілуде. Ал екінші кезеңі бойынша 29,5 млн. теңгені құрайтын 5 жоба ұсынылған.
Одан бөлек, агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша «132 бастық репродуктор шаруа қожалығын құру» үшін «Мақсат» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен шет елден мүйізді ірі қара малдарын әкелуге жұмыс жасауда. Ал «Ақжарма Инвест» АӨК «Сүт қабылдау пунктін құру» үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы сыйымдылығы 2000 литр сүт қабылдау пунктін сатып алып, ауыл тұрғындарынан сүт қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге «Ақжарма-1» ШҚ «Алма бағы» жобасын қолға алған. 2017 жылы 10 гектар жер ашып, өз қаражаты есебінен 10,0 млн. теңгеге 2165 түп жеміс ағашын отырғызды. Биыл күзде жеміс береді деп күтілуде.
Өзге де бағдарламалар бойынша ақжармалықтар несие алып, кәсіптерін өрге домалатуда. Мемлекет қолдауын пайдаланып, өз ісін бастауға ниетті жандар көп. Осының нәтижесінде ауыл халқының әлеуеті артып келеді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
16 шілде 2019 ж. 785 0