Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МАМАНДЫҚТЫ ТЕГІН МЕҢГЕРУДІҢ ЖОЛЫ

МАМАНДЫҚТЫ ТЕГІН МЕҢГЕРУДІҢ ЖОЛЫ

Халықты нәтижелі жұмыспен қамту – тұрақтылық пен табысқа бастайды. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының негізгі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және өзге де біліктілігі жоқ тұлғаларды өнімді жұмысқа тарту. Оған қоса, жаппай оқыту және сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіпкерлік негіздері бойынша дағдыландыру, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, еңбекпен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ұтқырлығын қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту.
Бағдарламаға жұмыссыздармен қатар, өзін-өзі еңбекпен қамтыған адамдар да, сондай-ақ өз ісін енді бастағандар мен кәсіпкерлер қатыса алады.
Бағдарлама өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жұмыссыздарға және кәсіптік біліктілігі жоқ тұлғаларға жұмыс табуға немесе жаңа мамандықты меңгеруге көмектеседі. Аталған жоба төмен табысты ауыл халқының елеулі бөлігіне кәсіпкерлікте алғашқы қадамдарын жасауға және өздерінің бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама жастардың мамандықты тегін игеруіне де жол ашады.
Мемлекетімізде бұдан бұрын қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде уақытша жұмыс орындарын құруға басымдық берілсе, енді оқыту арқылы тұрақты еңбекпен қамтуға ден қойылған. Ең бастысы өз кәсібін ашуға мүмкіндік берілуде.
“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында аудан бойынша қайта даярлау курстарында 100 адамды оқытуға облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Олар өз өтініштеріне сәйкес “Визажист”, “Маникюр”, “Шаштараз”, “Тігінші”, “Кондитер”, “Дәнекерлеуші”, “Ағаш шебері”, “Пластикалық өнімдер конструкторы” бойынша маманданатын болады.
Бүгінде ауданда экономикалық белсенді халық саны 18046 адамды құрайды. Биылғы жылдың басынан жұмыспен қамту орталығына 661 адам хабарласқан. Жұмыссыздық деңгейі ауданда 5,0 процентке жеткен.
Жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға ең алдымен кәсіби білімінің жоқтығы кедергі. Екіншіден, барлығына бірдей жұмыс тауып беру – экономикалық тұрғыдан мүмкін емес нәрсе. Осы ретте тығырықтан шығудың тың жолы ретінде үкімет аталған бағдарлама арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ден қойды. Жалпы айтқанда “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының мақсаты нәтижелі жұмыспен қамтуға жағдай жасау арқылы халыққа өз табыстарын арттыруға мүмкіндік беру екенінде дау жоқ.
Мамандардың пікірінше Нәтижелі жұмыспен қамту, бұл – еңбеккерлерге табыс әкелетін шынайы, лайықты өмір сүруді қамтамасыз ететін жұмыс түрі.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша биыл 80 адамды шағын несиемен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы күні бірнеше адам қаржылай қолдауға ие болды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік курсынан 47 адам оқуын бастап кеткен. Бағдарламаның үшінші бағытына сәйкес әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға қаржы қаралған. Бұл да болса жұмыспен қамтуды ұйымдастыруға берілген мүмкіндік.
Бағдарламаның аты айтып тұрғандай оның көздегені халықты тек еңбекпен қамту ғана емес, еңбек нарығының тиімділігін арттыру.
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тетікте осы мақсатты көздейді. Жеңілде­тілген несиемен қамтылғандар көбіне ата кәсіп мал шаруашылығымен, егін егумен айналысуды жөн көреді. Сондықтан да қаражатты осы бағытқа арнайды. Одан мол өнім алып, өзін-өзі қамтып қана қоймай, бір-екі кісіні жұмыспен қамтуға да мүмкіндік алады. Яғни, бағдарламаның “қос қолға бір күрек” таба алмай, жұмыссыз жүргендерге берері мол. Мемлекет қолдаудың арқасында кәсіпкер тұрмысы оңалып, табысқа, қуанышқа кенеледі.
Сөзіміздің тобықтай түйіні «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы мол мүмкіндіктерге жол ашады.

Б. ЖАНӘЛІ
20 сәуір 2019 ж. 756 0