Қой өсіруді қолға алған
Кент тұрғыны Бекзат Меңлібаеваның қой өсіруді қолға алып, оны кәсіп көзіне айналдырғанына біршама уақыт болды. Қойдан алынатын өнімнің пайдасы көп болғандықтан ата кәсіпті одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың бірін тиімді пайдаланып, қайтарымсыз несиеге қол жеткізді. Бүгінде кәсіпкер қорасын қойға толтырып, Шопан ата төлін көбейтуге бірыңғай ден қойды.
– Бала кезімізде қорамыздан мал кеткен емес. Ата-анамыз уақ малдың күтімін біздерге тапсыратын. Қораны тазалап, уақытылы жем-суын беретінбіз. Үйге қонақ келе қалса, дереу қой сойып, қонақасын беретінбіз. Қонақжайлылық танытып, көрегендік жасайтын үлкендеріміз. Міне, қазір де сол дәстүрмен келе жатырмыз. Қораңда мал болса, етті сатып алмайсың және қажетіңе жарататын қаражат көзі де болады, – дейді шағын шаруа иесі Бекзат Сарманқызы.
Жұмыссыз ретінде тіркелген Назерке Алдамжарқызы да «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысып, өз бизнес-идеясын іске асыруға арналған мемлекеттік грант ұтып алды. Оның да мақсаты Шопан ата төлін өсіру мен көбейтуге бағытталған. Назерке 555 мың 600 теңге қаржыға қой алып, кәсіп бастап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
– Өздеріңізге белгілі, биылғы жаз мезгілі халыққа оңай тиген жоқ. Пандемия белең алып, адамдар жаппай ауыра бастағанда қой етіне деген сұраныс артты. Бұл Қошқар ата төлінің қасиеті болса керек, оның еті мен құйрық майы денсаулыққа пайдалы тағам ретінде бағаланды. Бұрын қойды тек қана діни мерекелерде немесе сыйлы қонақ күткенде ғана іздейтін. Ал, қазір қойдың базардағы бағасы да өсті. Әрине, қой өсіру арқылы ата кәсіппен айналысып, шаруамызды дамытуды мақсат еттік. Отбасымыз үшін кіріс көзі саналатын кәсіпті бастауға мемлекеттік бағдарлама мүмкіндік берді. Сондықтан мал шаруашылығын дамыту бағытында қабылданған шаралардың тиімділігі көп деп санаймыз, – дейді жас та болса мал шаруашылығына икемделе бастаған Назерке.
Бибісара ЖАНӘЛІ