Қазақтелеком Қазақстанда алғаш рет 10 Гбит/с интернет пен Wi-Fi 7-ні іске қосты
Қазақстандықтар енді интернеттің жаңа дәуіріне қадам басты. Stan.kz
“Қазақтелеком” DemoDay шарасында елді таңғалдырған үш бірдей жаңалығын жариялады: 10 Гбит/с жылдамдықтағы XGS-PON интернеті, сымды желімен теңестірілген Wi-Fi 7 технологиясы және заманауи Full-Digital қызмет көрсету жүйесі.
“Тежелу, бейненің қатып қалуы – бәрі артта қалды”
Компания осы жазда XGS-PON 10 Гбит/с интернетін іске қосқан еді. Бүгінде ондаған абонент бұл қызметті пайдаланып жүр және нәтижесі көңілден шығады.
Шарада тағы бір қуанышты жаңалық жарияланды. Компания Wi-Fi 7 технологиясын енгізбек. Бұл – сымсыз желіні сымды интернетпен теңестіретін жаңа буын шешімі. Оның жылдамдығы 4 Гбит/с-ке дейін жетеді, кідірісі өте аз, бір мезетте ондаған құрылғыны қосуға мүмкіндік береді.
Wi-Fi 7 ресурсты көп қажет ететін тапсырмаларға арналды: 8K бейнелер, VR/AR қосымшалар, бұлттық ойындар еш қиындықсыз жұмыс істейді.
"Жаңа стандартты қолдайтын смартфон иелері, әсіресе Samsung құрылғыларын пайдаланатындар, Wi-Fi 7-нің артықшылығын бірден сезінеді. Абоненттеріміз жоғары жылдамдықтың арқасында гаджеттерінің барлық мүмкіндігін толық пайдалана алады", – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Full-Digital – кеңсеге бармай-ақ қызмет алу
DemoDay шарасында тағы бір маңызды бастама таныстырылды. Компания тұтынушыларға қызмет көрсетуді толықтай цифрлық форматқа көшіріп жатыр. Енді TelecomKZ қосымшасы арқылы абоненттер интернет, TV+ немесе SIM-картаны қосып, тариф таңдап, төлем жасап, өтінім қалдыра алады. Барлығы бірнеше батырманы басу арқылы іске асады.
Алайда компания дәстүрлі кеңсені де сақтауды ұмытқан жоқ. “Клиенттердің көбі технологияның қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп, маманнан кеңес алғысы келеді. Сондықтан біз “Асылтау” бизнес-орталығында жаңа кеңсе аштық. Бұл кеңістік дәстүрлі қызмет пен цифрлық шешімдерді біріктіреді”, – деді мамандар.
“Қазақтелеком” таныстырған XGS-PON 10 Гбит/с интернеті мен Wi-Fi 7 технологиясы – Қазақстанда жаңа дәуірдің бастауы. Тежелу, бейненің қатып қалуы, интернеттің үзілуі – енді өткеннің әңгімесі. Қазақстандықтар бүгіннен бастап болашақтың технологиясын пайдаланып отыр
Фото: Stan.kz






