Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғалымдар қандай адамдар тез қартаятынын анықтады

Ғалымдар қандай адамдар тез қартаятынын анықтады

Адамның ерте немесе кеш қартаюы генетикаға байланысты деп жатады. Ғалымдардың зерттеуінше, адам қартаюының тек, 20 проценті ғана генетикаға байланысты екен. Сараптамалар жастық шақты өз күшіңізбен де ұзартуға болатынын көрсеткен.

Бәрі бірдей қартаймайды
2015 жылы Дьюк университеті, Иерусалимдегі Еврей университеті және Лондондағы Король колледжінің ғалымдарынан құралған халықаралық топ Жаңа Зелендияның мыңға жуық адамдарының талдауларын мұқият зерттеген. Зерттеуге 26 жастағы азаматтар қатысқан. Ғалымдар 12 жыл бойы олардан алынған талдауларды сараптап отырған.
Зерттеу нәтижесіне қарағанда, тәжірибеге қатысушылардың кейбірі басқаларға қарағанда 3 есе тез қартайған. Ал кейбірі 12 айда 16,5 жасқа ұлғайып отырған. Тәжірибеге қатысушылар 38-ге толғанда олардың биологиялық жасы 28-ден 61-ге дейін болған.
Сарапшылардың айтуынша, қартаю процесі кезінде спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, темекі шекпеу үлкен роль ойнаған. Бұдан бөлек, рухани жасы физикалық жасынан үлкен болғандар да тез қартайған.

Қозғалыс – өмір
Калифорния университеті ғалымдары да әріптестерінің пікірін мақұлдайды. Олар 64 жастан үлкен 1,5 мыңға жуық әйелге тәжірибе жүргізіп, қозғалыссыз көп отыратындар ертерек қартаятынын анықтаған. Мысалы, күнделікті 10 сағат бойы кеңседе отырып жұмыс істейтіндер уақыт өте келе, қатарластарына қарағанда 8 жас үлкен көрінеді екен.
"Жас көрінудің тағы бір құпиясы тәтті тағамдардан бас тарту", – дейді ағылшын мен неміс генетиктері. Қозғалыс – өмір. Жаяу жүрсеңіз өміріңіз ұзара түседі. Сарапшы мен ғалымдардың жаяу жүрудің пайдасы туралы зерттеулерін Гиппократтан бастауға болады. Ол осыдан 2400 жыл бұрын: "Жаяу жүру – адам үшін ең бірінші медициналық көмек" деп айтқан. Күнделікті жаяу жүру жүрек-қан тамыр ауруын 31 процентке азайтады. Жаяу жүрген адамдардың өмірі көп қозғалмаған адамдарға қарағанда 32 процентке ұзарған. Мысалы, күнделікті 2 шақырымнан артық жаяу жүретін адамдардың өмірі 22 процентке ұзарады. Ал америкалық ғалымдар адам қанша сабырлы болса, сонша жас көрінетінін айтады.

16 маусым 2019 ж. 732 0