ЖҮРЕККЕ ЖЫЛЫ ТИІП
Таңмен таласа жұмысқа асығамыз. Бүгінгі ауа райы тіпті қытымырлау. Бүрсеңдеген жолаушылар аялдамада тыпыршып тұр. Суық өңмеңнен өтеді. Көптен күткен автобус та келді-ау ақыры. Жапа-тармағай ішке ендік. Автобуста даңғаза музыка ойнап тұр. Бар дауысын шығарып, айқайлатып қойған. Жолаушылармен санасып жатқан ешкім жоқ. «Балам, дауысын бәсеңдетші» деп ескерту айтқан қарияға жақтырмай қараған жүргізуші жігіт магнитафонның құлағын бұрап, дискісін ауыстырды.
«Мен сені сүйеді екем,
Атыңды жаттай алмай.
Мен сені сүйеді екем,
Жыласам тоқтай алмай».
Осы тектес жылаңқы әндер бірінен кейін бірі беріліп жатты. Тіпті тыңдағың келмейді. Адамды қарадай шаршатып, жүйкеңді жұқартып жібереді. Осындайда жүрек қылын шертетін әнді аңсайсың.
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар».
Рас, бүгінгі біздің өмірімізде Абай атамыз айтатын есті, тамылжи төгілген әндерге қарағанда, сөзінің дәмі жоқ, сезімге әсер етпейтін әнсымақтар көбейіп кетті. Тағы да Абайға жүгінейік:
«Құр айқай бақырған,
Құлаққа ән бе екен.
Өнерсіз шатылған,
Кісіге сән бе екен?»
Дәл қазіргі біздің басымыздағы жағдай. Жеңіл ырғақты, ойнақы, тойдың әндері алдыңғы орында. Сөзіне мән бермей, әуеніне елтіп, айғай-шудың ішінде отыра беретін болдық. Бәлкім, бұған көрші елдерде түсірілетін бейнебаяндар мен сол елдерде өңделген әндер де әсер ететін шығар. Біздің тарихымыздан, салт-дәстүрімізден хабарсыздар қазақ әнінің өн бойына өздерінің ән ырғағын байқатпай енгізіп жіберуі де әбден мүмкін. Міне, содан барып тойдың әні шыға келеді. Оны түсініп жатқан біз жоқ, мәз болып секіріп билейміз.
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй» дейді тағы да ұлы Абай.
Бүгінгі күнге дейін жеткен ән өнерінің мәні мен маңызы неге жойылып барады. Қазақ әні табиғатынан халықтың өмірімен үйлесім тауып жатпаушы ма еді. Бүкіл өміріндегі бастан өткен қасіретін, мұң-шерін, рухын, қуанышы мен шаттығын, бейнелеп айтқанда, іңгәлап шыр етіп өмірге келген күннен бастап ақыретке дейінгі өмір жолын ән арқылы білдірген халық едік қой. Ән арқылы ұлт рухы, өткен өмір көріністері елес береді. Сол себептен де тыңдарманын ойлантып, бір уақыт артта қалған жылдарға ой жүгірткізеді.
Иә, жүрекке жылы тиіп, көңіл-күйіңнің үстінен дөп түсетін, сағынышты сағынышқа жалғайтын да ән иірімдері бар. Ол әндер шабытыңа шабыт қосып, күш-қуат беріп, делебеңді қоздырып отырады. Міне, қазақ әнінің құдіреті.
Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан салды айтпағанның өзінде, кешегі Жүсіпбектің, Ғарифолланың бүгінгі ізбасарлары қайда? Мүмкін бар да шығар. Ал неге оларды теледидардан көріп, әндерін радиодан естімейміз?
Ата-бабамыздың дәстүрлі ән өнерін жоғалтпай, қиюын қашырмай, саф күйінде кейінгі ұрпаққа жеткізе алар ма екенбіз. Оған қалай ықпал етеміз, бір сәт ойлансақ…
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең…» – деген Абай ән құдіретін осы бір-ақ жолға сыйдырып, өнердің адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін жеткізіп тұр емес пе?!
Көк жәшікті қоса қалсаңыз болды қаптаған «жұлдыздар». Әндерін айтып болған соң жүргізушілікке көшкендері тағы бар, үйдегі кішкентай бүлдіршіндердің қазіргі ермегі сол сиқырлы сандық. Тілі енді шығып келе жатқан баладан ән сұрасаңыз «жүрегімнен бір орын бер» деп бастап, опмай-опмай деп жатқа айтады бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндер. Біз, балаларымыздың не көріп, не айтып, не тыңдап жүргенін бақылаймыз ба? Көгілдір экраннан, радиодан берілетін әндерге қойылатын талап пен әншінің өзін ұстауы, киім киісі неге бақыланбайды. Ең бастысы баланың құлағында қалып жатқан әндер қандай? Бірге жауап іздеп көрелік...
Мағынасыз әндер
Ән өнері – киелі өнер. Қазақ әнімен асқақтаған халық. Бірақ «әннің де естісі бар, есері бар» деп оны бағалай да білген. Есті ән ұйықтап жатқан жүректі оятады, жүрек қылын тербеп, адамға түрлі ой салады. Адамды қанаттандырады, жүрегін ізгілікке бөлейді. Ал қазір бүгін естісең, ертең ұмытып қалатын әндер көбейді. «Әу демейтін қазақ жоқ» деп бүгінгі таңда сахнаға шығып ән айтып, тіпті бір айда бірнеше бейнебаянның тұсауын кесіп, әнші атанып жүрген жандар жетерлік. Сондықтан болар саны көп, сапасы аз қазақ әндері көбейді. Адамның жан сарайына үңілер бір құдірет болса, ол – поэзия, ол – ән. Күндіз-түні шетелдің даңғаза музыкасынан әбден шаршаған тыңдарман ұлттық эстраданың ұсақталып кетуінен қауіптенеді. Қазіргі заманның сазгерлері музыка өнерін бизнеске айналдырды. Бәрі жасанды, бәрі асығыс, бәрі шала бейнеклип, ұлтқа қызмет етпейтін кинолар қара шыбындай қаптады.Оның үстіне өнерпаздарымыз бесаспап болып алды ма, өзі жазады, өзі айтады. Қазіргі таңда «тыңдаушының құлағын тескен» есер дауысты әншісімен бірге, талғам-талаптан жұрдай, мағынасыз, дені дұрыс емес, дүмбілез, мәнсіз мәтіндер қаптап кетті. Сыры терең, ұлттық бояуы қанық әндерді табу қиындап барады.
Мысалы, Айқын Төлепбергеннің орындауындағы:
«Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс,
Шат-шат-шат қиялыма ілес.
Қандай ыстық жүрегімнен сүйіс,
Сызылған кірпігімнен күй ұш», – деп орындалатын әннен не айтып тұрғанын әншінің өзі де түсінбейтін шығар.
Бейбіт Қорған:
«Ойлашы, ойлашы,
Мені бір сәт ойлашы,
Ойлашы, жаным-ау,
Оны ойлап қоймашы» деп қызға жалынады… Иә, қаншалықты сынасақ та, дәл осы әндер уақытында «хит» болды, бола да береді… Өйткені, бұл әндер бүгінгі тыңдарманның талғамы. Әлде, біз сөз бен әннің жүйесін, киесін түсінбейтін жағдайға душар болдық па?
Мұндай мағынасыз сұраққа толы мысалдарды тізіп тауысу мүмкін емес те шығар… Ән – көптің күш қосып бірігуінен туатын жалпылама өнер емес, жеке тұлғалардың ілуде біреуіне ғана қонатын жалқы өнер, дара қасиет.
Басқаның қаңсығын таңсық көрген
Жастардың басым бөлігі өзінің ұлттық музыкасына емес, өзгенің жеңіл, сырты жылтыраған іші қуыс, әндеріне бой үйретіп алған. Кейде сол әншілерге ұқсағысы келеді. Жас жеткіншектер үшін әншілер қауымы адам тәрбиелеуші үлкен феномен болып барады. Қобыз күйлерін, домбыра әндерін қойсаң «өшірші ананы» деп еш қымсынбай айта салатын күнге жеткен. Тыңдаушылар қандай әндер көп айтылса сол жаққа ауып кетеді. Әсіресе жастар айтылған нәрсені тура, әрі тез қабылдап жатады. Ол жолда ұлттық музыканың өнердің шын иелері аянып қалмас деп ойлаймыз. Әрине, нені тыңдаса да өзінің еркі, бірақ ойлы нәрсені тыңдауға ұмтылған жөн.
Гитлер музыканы өз саясатында ұтымды пайдалануды көздеген екен. Ол: «Басып алған жерлердегі халықтың санасында бағындырғыңыз келсе, мәнсіз-мағанасыз музыканы күндіз-түні құлағынан кетірмей тыңдата беріңіз. Ол сонда саналы ойлаудан қалып, санасыз тобырға айналады» деген екен. Батыстың сіз тыңдап жүрген музыкада не мағына, не бейне, не өнеге бар. Бәрі жеңіл жүріске, нәпсіге апарып соқтыратын құрал болып, өзіңізде соған еліктеп, бой түзеп, сән түзеп, жалтақ болып қалмаңыз. Қазіргі таңда Rap, R’n’B, Pop стиліндегі әндер жастар арасында үстемдік етуде. Бірақ онда не жайлы айтылып жатқанын білмей, бастарын қайта-қайта изейді.
Ұлттық музыканың бүгінгісі
Бірде Шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі – “қазір ән тоқыраған, ал ырғақ, әуен көбейген. Меніңше, талғам бұзылған. Бұрын радиодан берілетін қазақ әндерінің тоқсан пайызы лирикалық әндер болатын. Ал қазір радиодан лириканы тыңдау мүмкін емес. Кілең ырғақты әндер жайлап алған” деген еді.
Ән деп аталатын асыл мұрамыздың кадіріне жете алмай жүргеніміздің салқыны болар, осы күні әнді, әсіресе, халық әндерін мектептердегі бастауыш сынып оқушылары да билей жүріп айтатын болыпты. Балғын балаларға, әрине, бәрі де жарасады. Бірақ сол сәбилеріміз ертең есейіп ер жеткенде ән айтқанның жөні осы екен деп жұлқына секіріп билеп кетсе, не демекпіз.
Ән, әсіресе, халық әндері – ел мұрасы. Осынау баға да, байлық та жетпес асыл мұрамызды сонау ата-бабаларымыз секіріп, жұлқына билеп жүріп туғызбаған, кейінгі ұрпағымыз ойына келгенін істесін деп бізге мирас етпеген болар. Ел мұрасын сол халықтың өзі жасаған қалпынан айнымаған күйінде сақтап, жалғастыра бергенге не жетсін. Осы ақиқатты өзіміз ғана біліп қоймай, өсіп келе жатқан жас ұрпағымыз да біліп құрметтейтін болса, ешқандай асыл мұрадан айырылмаймыз деп сеніммен айта алар едік. Рухани құндылығымыз құлдырамас та еді.
Майя ҚОЖАБАЙ