Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Барлық көше жарықтандырылған

Барлық көше жарықтандырылған

Кезінде ауылдарда тек басты көшеде ғана түнгі жарық болатын. Ал қалған көшелер қап-қара түнек секілді болып тұратын. Кейіннен елді мекендердегі шеткі көшелерге дейін жарық орнатылып, жақсы жағдайлар жасалды. Қазіргі таңда сол көшелерде түнгі жарық бір мезет болмаса, көпшіліктің алаңдаушылығын туғызады. Сондықтан көше жарығы қазіргі өркениетті қоғамда басты мәселелердің бірі десек артық айтқандық болмас.

Соңғы жылдары Қалжан ахун ауылындағы көшелерді жарық­тандыруда айтарлықтай жұмыс жасалған. Өткен жылы елді мекендегі Бейбітшілік және Н.Шідербаев көшелері толық жарықтандырылған. Ал биыл аудандық бюджет есебінен ауылдағы М.Әуезов көшесі жа­рықтандырылып, бұл игі іске көше тұрғындарының айтар алғысы зор. Көшенің жарықтандыру жұмыстарын «Сервис-строй» ЖШС жүзеге асырған.

Көшеге жарық орнатуда бүгінгі таңда диотты жарықшамдардың тиімді екенін жұртшылық жақсы біледі. Сондықтан ауылдағы жа­рықшамдарды диоттыға ауыстыру жұмыстары Абай, Қайқы, Аман­келді көшелерінде жүргізілген.

Биыл елді мекен аумағындағы Қалжан ахун мешіт-медресесінің электр желілері де тиісті жөндеуден өткізілген. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын «КазТехЭнергоСтрой» ЖШС атқарған. Ауыл әкімі кезінде бұл жерде жарық бола бермейтінін айтады. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген соң қазір мешіт-медресенің жары­ғында мәселе жоқ.

Жалпы, бүгінгі таңда Қалжан ахун ауылындағы барлық көше жарықтандырылған. Бұл ауылдың түнгі уақытта жап-жарық болуына атқарылған нәтижелі жұмыс екенін аңғаруға болады. Енді алдағы уақытта «Қызылорда-Жалағаш» автожолының ауыл тұсындағы жа­рықшамдарды диоттыға ауыстыруға мемлекеттік сатып алу жұ­мыстары жүргізілуде екен. Мердігер анықталса, жуық арада ав­тожолдың елді мекен тұсынан өтетін бөлігі де ерекше жарқырап тұратыны анық.

– Бұрындары қараңғы көшемен жүре беретін едік. Кейін келе кө­шелер жөнделіп, түнгі жарық орнатылды. Оның біз үшін және балалар үшін пайдасы зор. Олай дейтінім, мектептен кеш шыққанда балаларымыз сол жарық көшемен үйге келеді. Ал көшеде жарық болмаса бәрімізге уайым. Сондықтан осындай жақсы жағдай жасап жатқан атқарушы билік өкілдеріне ризашылығымды білдіремін, – дейді ауыл тұрғыны Сара Тілеубергенова.

Айта кету керек, ауылдағы электр желісін жақсарту мақсатында Абай көшесінде жаңа трансформатор ауыстырылған. Мұның электр қуатын төмендетпеуде, желді, жауынды күндері жарықтың сөнбеуіне септігі зор.

Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі




28 қыркүйек 2021 ж. 729 0