Айтулы жұмыстар атқарылуда
Ауыл әкімі Айбол Ержанов ауылда биыл бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Әкім ең алдымен елді мекенде 3 тұрғын үй салынып жатқанын жеткізіп, бұл баспана кезегінде тұрған көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға зор қуаныш екеніне тоқталды.
– Аудан бойынша биыл әр ауылда тұрғын үйлер салынып жатыр. Тиісінше, Айдарлы ауылында да «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 тұрғын үй бой көтеруде. Баспаналардың құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Ақмешіт мелиоратор» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталған болатын. Қазіргі таңда 3 тұрғын үй де өріліп, шатырланды. Енді ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде, – деді ауыл әкімі.
Әрине, ауылда тұрғын үйлердің көптеп салынуы алдымен елді мекен тұрғындары үшін ерекше қуаныш. Мұның кезектілікпен үй алатын жандар үшін де айтарлықтай жаңалық екені сөзсіз. Оған қоса, мұның ауылда жастардың шоғырланып қалуына, сондай-ақ елді мекеннің өркендеуіне септігі мол.
Биылғы басты жаңалықтардың бірі – ауылдағы басты көшенің жарықтандырылуы. Ауылға кіргеннен Досбол датқа көшесі басталады. Елді мекендегі басты көшемен барлық көше қиылысады. Сондықтан бұл көшенің жарық болуы кезек күттірмейтін мәселе екені айқын еді. Осыған байланысты биыл аталған көшенің жарықтандырылуы қайта жаңғыртудан өткізілді. Ол жұмыстарды «Armir Service» ЖШС 7,1 млн теңгеге атқарған. Ұзындығы 2 шақырым болатын жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталып, қазір елді мекен тұрғындары диотты жарықтың игілігін көруде.
– Облыс орталығынан ауылға қарай келе жатқанда Аманкелді, Жетікөл ауылдарының үстімен өтеміз. Сол кезде қос ауылдың басты көшелері жап-жарық болып тұрады. Биыл біздің ауылдың да басты көшесі заманауи талапқа сай етіп жарықтандырылды. Бұл елді мекен тұрғындары үшін, оның ішінде көше тұрғындары үшін айтарлықтай қуаныш болды. Осындай айтулы жұмыстарды атқарып жатқан азаматтарға алғысымыз зор, – дейді көше тұрғыны М.Беков.
Ерекше атап өтерлігі, бір көшені қайта жаңғыртудан өткізу, тағы бір көшенің жарықтандырылуына септігін тигізді. Яғни, басты көшенің жарықтандырылуына қаржы қаралып, жаңадан бағаналар мен жарықшамдар орнатылса, қайта жабдықтау әдісімен Досбол датқа көшесінен алынған бағаналар мен жарықшамдар Қалымбет көшесіне орнатылды. Сол арқылы елді мекендегі тағы бір көше жарықпен қамтамасыз етілді.
Ауыл әкімі А.Ержанов ауылдағы тағы бір қуанышты жаңалықпен таныстырды. Ол ауыл жастарының саламатты өмір салтын ұстануы үшін елді мекен орталығынан салынған ойын алаңы. Футбол ойын алаңының да құрылыс жұмыстарымен «Armir Service» ЖШС айналысқан. Досбол датқа мен Абай көшесінің қиылысындағы ойын алаңы 5,6 млн теңгеге салынып, бүгінде ауыл жастары спортпен айналысуда.
– Жақында аудан әкімі ауылға сапарлап келіп, ауылда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сол сапарында осы ойын алаңын көрді. Ойын алаңының айналасында бос жатқан жерлер бар. Аудан басшысы сол жерлерге саябақ, балалар ойын алаңын салып, бұл маңды демалыс орнына айналдыруды атап айтты. Енді біз осы бағытта жұмыс жасап, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасайтын боламыз, – дейді ауыл әкімі.
Қарап тұрсақ, аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылда айтулы жұмыстар атқарылуда. Бұл елді мекеннің жыл санап дамып келе жатқанын көрсетеді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ