Айтулы жұмыстар бар
Ауылдың даму жоспарына сәйкес, жаңа қоныстану аймағы ретінде Бейбітшілік және Н.Шідербаев көшелері бір-біріне жалғастырылғанын атап өттік. Осы көше бойынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 тұрғын үй бой көтерген.
– Аудан бойынша биыл әр елді мекенде республикалық бюджет есебінен тұрғын үйлер салынып жатыр. Қалжан ахун ауылында да 3 тұрғын үй салынды. Қазіргі таңда әрлеу және сыртқы жұмыстары жүргізілуде. Баспаналардың құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Намыс құрылыс» ЖШС жүргізуде, – дейді ауыл әкімі аппаратының бас маманы Ж.Кәрібаев.
«Намыс құрылыс» ЖШС аудандағы Қалжан ахун, С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарындағы тұрғын үйлердің құрылыстарын жүргізуде. Бұл баспаналар толық аяқталып, ауыл тұрғындары кезектілікке сәйкес баспанамен қамтылмақ.
Ауыл халқының өмір сүруін жақсартатын тағы бір фактор – газдандыру. Аудан орталығы көгілдір отынға қосылғаннан кейін Тереңөзекке жақын орналасқан елді мекен тұрғындары табиғи газдың игілігін көруге асық. Оның ауылы да алыс емес секілді. Өйткені, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарына алдағы жылдары көгілдір отын жеткізуге жұмыстар жасалуда. Бүгінде осы бағытта жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге құжаттар әзірленуде. Бұл жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп, тиісті қаржы бөлінсе, елді мекен тұрғындары да табиғи газды тұтынатын болады.
Ауылдағы әлеуметтік нысандарды қалыпты жағдайда ұстау назардан тыс қалып жатқан жоқ. Атап айтқанда, былтырғы жылы елді мекендегі №126 орта мектептің кәріз су жүйесі «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жүргізілсе, ауылдық клубтың шатыры да жаңартылған. Ал ауылдағы басты көшенің бірі – Абай көшесі бойынан балалар ойын алаңы салынып, осы жерде жас жеткіншектердің уақыты қызықты өтуде.
Бүгінде ауыл жастарының спортқа деген құлшынысы жоғары. Жастардың саламатты өмір салтын қалыптастыруға ауылдағы орта мектептің әмбебап спорт алаңы қызмет көрсетуде. Күнделікті жастардың шоғырланатын орны жаңғыртуды қажет етіп тұрған. Осыған байланысты бүгінге дейін ауыл әкімі қызметін атқарған Н.Қарсақбаев демеушілік есебінен ойын алаңын жөндеуге жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде, кәсіпкер Дархан Шағыров 1 миллион теңге қаржы беріп, оған әмбебап ойын алаңының табаны бетондалған. Енді алдағы уақытта тағы да кәсіпкерлер қолдау білдірсе, төсеніштер салынып, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалмақ.
Ауыл халқы егіншілікпен айналысатын болған соң аяқ су мәселесі кедергі болмауы тиіс. Сондықтан ауыл аумағындағы «Бостандық» каналын тазартуды елді мекен тұрғындары айтып келеді. Осыған байланысты аталған каналды механикалық тазартудан өткізу үшін ауыл әкімдігі тарапынан ақау актісі жасалған. Сонымен қатар, жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Осы жұмыстар аяқталса, «Бостандық» каналы тазартылып, мәселе оң шешімін табатын болады.
Ауылдағы айтулы жұмыстардан құлағдар болғаннан кейін ауыл әкімі тағы бір жақсы жаңалықтан сүйіншіледі. Ол 2023 жылы ауылда жаңадан акушерлік бекет салынып, халықтың денсаулығын жақсарту бағытында жұмыстары атқарылмақ.
Е.БЕРКІНБАЕВ