«Қыс-2025» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Арал ауданында өтеді
Қызылорда облысында алдағы қыс маусымындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға дайындық жұмыстары басталды. 2025 жылғы 20–21 қарашада Арал ауданында «Қыс-2025» өңірлік командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі. Іс-шара азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған. Бұл туралы Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Әбдіқадыров Бекболат Қайырбекұлы баяндады.Оқу-жаттығу облыс әкімінің «Азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін дайындау жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» аясында ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – қысқы кезеңдегі ауа райының қолайсыздығы салдарынан болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, жедел әрекет ету және құтқару бөлімшелерінің тәжірибесін шыңдау.
Жоспарға сәйкес, облыстың азаматтық қорғау қызметтері мен ұйымдарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы *облыстық штаб* құрылады. «Дабыл-1001» сигналы түскен сәттен бастап азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің барлық күштері мен тиісті комиссия мүшелері құлақтандырылады.
Оқу-жаттығудың практикалық кезеңі «Қарғын-2002» сигналы бойынша жүзеге асырылады. Бұл кезеңде бірнеше күрделі жағдайлар пысықталмақ:
* автожолда орын алған жол-көлік оқиғасының салдарын жою;
* іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру;
* су жүйесі ғимаратында орын алған авариямен күресу.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, оқу-жаттығуға 100-ге жуық авариялық-құтқару құрылымдары, шамамен 1000 қызметкер және 300-ден аса арнайы техника тартылады. Мұндай көлемді дайындық өңірдің қыс мезгіліндегі қауіп-қатерлерге төтеп беру қабілетін күшейтеді.










