Қызылордада «Ауыл әйелі: бірлік. даму. болашақ» атты өңірлік ауыл әйелдерінің форумы өтті
Бүгін Қызылорда облысының тарихи және ірі аудандарының бірі – Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты өңірлік ауыл әйелдерінің форумы өтті.Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен «Ауыл» партиясының және Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Форумның мақсаты – ауылдық жерлердегі әйелдердің көшбасшылық әлеуетін нығайту, әйел кәсіпкерлерлігін қолдау және олардың экспорт пен кооперация мүмкіндіктерін кеңейту, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен «Ауыл» партиясының ауыл әйелдерінің мәселелерін шешудегі қызметін таныстыру, сондай-ақ дәстүрлі құндылықтарды насихаттау.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері, «Ауыл» партиясының, орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының делегеттары, әйел-кәсіпкерлер, азаматтық қоғам көшбасшылары, сондай-ақ ауыл еңбеккерлері және еңбек ардагерлері қатысты.
Форумды облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет ашып, Сыр елі әйелдерінің өңірдің тұрақты дамуына қосып отырған зор үлесін ерекше атап өтті.
«Ұланғайыр даламыздың тарихында өздерін кемел көшбасшы, ақылды ел билеуші, көрнекті қайраткер, ұлт жанашыры, ұрпақ тәрбиешісі ретінде танытқан әйелдер аз емес. Олардың есімін бүгінгі күні ерекше қадір-құрметпен еске аламыз. Ел ішіндегі батырлық пен батылдықтың, ақыл мен парасаттың ұйытқысы бола білген Тұмар мен Зарина ханшайымдар, қазақ қыздарының қайраткерлігінің дәлелі болған Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апаларымыздың есімдері тарихымызда алтын әріптермен жазулы.
Осындай аналарымыздың ізін жалғап, Сыр елінің өсіп-өркендеуіне қажыр-қайратын қосқан Социалистік Еңбек Ерлері – Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Балдырған Мұстафаева, Закира Ержанова, Қазына Жүсіпова, Жадыра Таспанбетова сынды апаларымыздың есімі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Қазіргі таңда да, қоғамның барлық саласында әйелдер үлесінің артуы да – Сіздердің қарымды қабілеттеріңіз бен іскерліктеріңіздің дәлелі деп білеміз», - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев сөз сөйлеп, бұл форумның Атырау, Павлодар және Алматы облыстарында өткен кездесулердің ізгі жалғасы екенін мәлімдеді.
«Әйел – отбасының тірегі, қоғамның тұрақтылығы мен жаңғыруының қайнар көзі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайда: «Біз әйелдердің қоғамдағы орнын күшейтіп, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғауға баса мән беруіміз қажет. Бұл – өркениетті елдің белгісі», – деген болатын. Бұл сөздер әйелдердің қоғамдағы орны тек әлеуметтік бағытпен шектелмей, елдің жалпы даму стратегиясымен өзектес екенін көрсетеді. Ауылдағы әйелдер – өңірлік экономиканың қозғаушы күші, ауыл шаруашылығы мен шағын бизнестің тірегі» – деді Серік Рахметоллаұлы.
⚜️ ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева өз баяндамасында ауыл әйелдерінің әлеуметтік және экономикалық теңдігін қамтамасыз етудің мемлекеттік маңыздылығын атап көрсетті.
Пленарлық отырыстың негізгі секциясы ауыл әйелдерінің табысты тәжірибелері мен инновациялық идеяларына арналды:
Ақтөбелік «Нұралы» ШҚ басшысы Кәмшат Төлеуова «Экономикалық серпін мен дәстүр сабақтастығы: ауыл әйелдерінің жаңа миссиясы» тақырыбында сөз сөйлеп, шаруашылықты басқарудағы әйелдің рөлін көрсетті.
Қармақшы ауданы, Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаева ауыл әйелдерінің өңір дамуындағы үлесі туралы баяндама жасап, жергілікті басқарудағы табысты әйел көшбасшысының тәжірибесімен бөлісті.

Батыс Қазақстан облысынан келген кәсіпкер, Ақжайық аудандық мәслихатының төрайымы Ләззат Сейткереева «Қазақ әйелі: өмірде – нәзік, істе – мығым» деген ұранмен әйелдердің қоғамдық және іскерлік өмірдегі мықтылығын дәріптеді.
«Азия Қамыш» ЖШС басшысы Венера Тайлақбаева (Қазалы ауданы) қамыс өнеркәсібінің дамуы және Еуропа елдерімен қамыс экспортын жолға қою бойынша бірегей тәжірибесін ұсынды.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті Айнагүл Бегенова «Ауыл әйелдері үшін аграрлық ғылымға жол ашу: білім, инновация және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында ғылыми-инновациялық білімнің маңыздылығына тоқталды.
Форум ауыл әйелдері үшін білім, қаржыландыру және көшбасшылық тұрғысынан жаңа мүмкіндіктерді айқындап, тиімді тәжірибе алмасу алаңына айналды. Жиын қорытындысында барлық ұсыныстар мен бастамалар жинақталып, оларды алдағы уақытта іске асыру тетіктері белгіленді.











