Ақ халаттыларға аналық алғысын айтады
Аудандық газеттің есігі оқырман үшін əрқашан ашық екенін үнемі айтып келеміз. Біз редакцияға келген əрбір оқырманның талап-тілегі мен сынын қабылдап, соған сай жұмысымызды үйлестіреміз. Жақында аудандық газет редакциясына Шіркейлі ауылынан көпбалалы ана, ардагер-ұстаз Гүлшат Боранова келіп, өзінің талап-тілегін жеткізді.
Көпбалалы ана біраз жылдан бері І топ мүгедегі, ұлы Руслан Əлиевтің ем алуына барлық жағдайды жасап, шырылдап келеді. Автокөлік жүргізушісі болып жұмыс жасаған Руслан 2012 жылы тағдыр тауқыметімен бірінші топтағы мүгедек атанып, арбаға таңылған. Содан бері түрлі оталар жасалса да оның аяқтан тұрып, жүріп кету мүмкіндігі болмауда. Арбаға таңылса да оған мойымаған жан өзінің ерекше қабылетімен пластмасса қалдықтарынан гүл жасауды жан медеті еткен. Ол туралы аудандық газеттің 2019 жылдың қыркүйек айындағы санында «Қалдықтан шыққан əсем гүл» тақырыбымен арнайы мақала шыққан болатын.
Шіркейлілік көпбалалы ана ұлының емі үшін бармаған жері жоқ екенін айтады. «Осы баламды аяғынан жүргіземін деп біраз жерге бардым. Тұрақты ем қабылдап келеміз. Алайда, он жылға жуық уақыт өтсе де тағдыр тауқыметінен арыла алмай келеміз» деген ана өз мəселесін айтты.
– Бізді қинайтыны тұрғын үй мəселесі. Қазіргі тұрып жатқан үйіміз кезінде мемлекет тарапынан берілген шағын баспана. Қазір ол бізге тарлық етеді. Руслан баламның жағдайына қараймын. Ауыл əкімі Т.Құламқадіров пен «Мəді Қажы» ЖШСнің төрағасы С.Сұлтановқа үйімізге бір бөлме қосып беруге өтініш білдіргенмін. Елдің азаматтары қолдау көрсетіп, кесектен бір бөлме қосып, арбамен еркін-кіріп шығуға пандусқа дейін салып берді. Ол кісілерге алғысым шексіз. Енді ауылдан 3 үй салынып жатқанын білемін. Содан мүмкіндігі шектеулі ұлыма бір үй бұйыратын шығар деген аналық үмітпен жүрмін. Тұрғын үй берілсе, арбаға таңылған балама медет болып, жүріп кететін шығар деген зор үмітім бар. Тек осы мəселе шешімін тапса екен деймін, – дейді көпбалалы ана Гүлшат Тұрсынбайқызы.
Əрине, салынып жатқан тұрғын үйлеп заңдылыққа сəйкес кезектілікпен берілетіні анық. І топ мүгедегі Р.Əлиев тұрғын үй кезегінде бар екен. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жан тұрғын үймен қамтылса, баласы үшін шырылдап жүрген ана тілегі орындалып, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Тағдыр тауқыметімен арбаға таңылғанда Руслан Əлиевтің жамбас сүйегінде көптеген жарақаттар болған. Сол жарақаттардың жазылуына ауданның дəрігерлері септігін тигізген. Сол себепті де үнемі жанашырлықпен еңбек етіп, мүмкіндігі шектеулі жанның ем-дом қабылдауына тұрақты жүргізіп келе жатқан ауданның ақ халатты абзал жандарына аналық алғысын айтады.
– Аудандық ауруханада тұрақты ем алып келеміз. Қазіргі уақытта ұлым аудандық аурухананың оңалту бөлімшесінде бір айға жуық ем қабылдауда. Ауданның медицина қызметкерлері балама жақсы қарап жатыр. Сондықтан ауданның бас дəрігері Нұржамал Мырзағалиеваға, бас дəрігердің орынбасары Жанар Жұмабаеваға, оңалту бөлімшесінің дəрігері Гүлфарида Əбдібековаға жəне бөлімшенің мейірбикелеріне алғысым шексіз. Жұмыстарында тек алғысқа бөлене берулеріне тілекшімін, – дейді ардақты ана.
Ердос БЕРКІНБАЕВ