Қалдықтан шыққан әсем гүл

Руслан Әлиев – Шіркейлі ауылының тумасы. Ол тұрмыстық қалдық саналатын, біздер пайдаланып тасталған жәй ғана "баклашка" деп аталын дүниеден әсем гүлдер жасап шығарады. Иә, расымен гүл жасайды. Автокөлік жүргізушісі болып жұмыс жасайтын Руслан, 2013 жылы тағдыр тауқыметімен бірінші топтағы мүгедек атанып, арбаға танылды. Өмірдің қатал соққысына төтеп беріп, алға ұмтылды. Себебі азаматтың жүрегінде қайсарлық пен батырлық басым болды. Арбаға танылған соң жан мүдеуін осы істен тапты. Ең алғаш рет бұл істі "Талсуат" елді мекенінде ем қабылдап жүрген кезінде арнайы жасалған көрмеден көріп, қызығушылығы оянады. Кейін ғаламтордан жасалу техникасын қарап, әрі қарай жандандыруды қолға алады. Бүгінгі күнге дейін 150-ден астам түрлі гүлдерді жасап шығарған. Әртүрлі мерекелер мен туған күндерге тарту ретінде сыйлыққа берген.
Ерекше қабілеті бар азаматпен аудандық ауруханада тілдескен едік. Өзінің кезекті емін қабылдап жатыр екен. Бір қарағанда жәй ғана зат болып көрінгенімен, жасаған гүлдер тірі розалар мен раушандарға ұқсайды. Өзі ем-дом қабылдап жатқан уақытта құр жатпай хирургия бөлімі мен оңалту орталығына алма, гүл ағашын жасап шығарған. Енді лимон ағашын дайындап аурухананың осы бөліміне тарту етпек ниетте екен. Себебі дәрігерлерге деген құрметі жоғары. Келген күннен бастап барлық жағдайымды жасап жатыр дейді. Алдағы уақытта осы саланы кәсіпке айналдырып, мектептер де үйірме ашып шәкірт тәрбиелеуді армандайтын ісмер жанға бізде табыс тіледік.
Майя ҚОЖАБАЙ