Ізгі жол жалғасын табуда
Аудандық газет редакциясының есігі оқырмандарымыз үшін әрдайым ашық. Редакция қызметкерлері оқырмандарымыздың пікірін тыңдауға, ұсыныс тілектерін қабылдауға әркез дайын. Өткенде редакцияға ардагер-ұстаз, еңбек ардагері Сұлупан Шамшадинова арнайы келіп, газет оқырманы ретінде өз пікірін білдірді. Нақты айтқанда газеттің 24 сәуірдегі №32 санында жарияланған А.Ибрагимұлының "Ауданды дамытқаның – өзіңді дамытқаның" тақырыбындағы мақала туралы жақсы лебіз білдірді.
"Аудандық газеттің тұрақты оқырманы ретінде аудан айнасы "Тіршілік тынысы" газетінде жарияланған мақалаларды үзбей оқып отырамын. Жақында А.Ибрагимұлының "Ауданды дамытқаның – өзіңді дамытқаның" деген көлемді мақаласы жарияланды. Қалың оқырманға ой салатын мақалада автор өзінің оқып шыққан кітабы жайлы жазып, оны ауданның бүгінгі дамуымен ұштастыра баяндаған.
Шын мәнінде ауданды тегін адам басқармайды. Халқына адал қызмет ететін, халық үнін жүрегімен еститін, пікірімен санасатын азамат қана елге адал болады. Аудан тарихында елді талай адам басқарды. Халыққа жақыны, жүрегі елім деп соққаны ғана ел есінде қалады. Солардың қатарында Ғанибек Қазантаевтың орны бөлек екенін ел-жұрт жақсы біледі. Халық үшін жасаған көптеген жақсылығы мен тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық хал-жағдайын жақсартуға жұмсаған күш-жігері осы күнге дейін айтылып жүр. Әрине, білікті басшы өзінің іскерлігінің арқасында Сыр халқының бас шаһарын басқаруға белсене кірісті.
Қазір біздің аудан салынған ізгі жолмен одан әрі дамып келеді. Сөз жоқ, көрікті де самаладай жарқыраған көшелер кенттің келбетін аша түседі. Айналамызда көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы ауданды басқарып отырған азаматтың тыңбай ізденуінің арқасы. "Қайткен күнде де тұрғындар жақсы, жағдайы келіскен жерде өмір сүруі керек" деген қағиданы ұстанған азаматтардың ерен еңбегінің нәтижесі.
Міне, жоғарыда айтылған мақалада біздің аудан шетелден кем түспейтін көрікті елге айналатыны айтылған. Орталық алаң демалыс орнына айналса, адамдардың бір сәт демалатын, әсем гүлдерді тамашалайтын, жасыл желектің саясында тыныстайтын болады. Бұл әрине, жас ұрпаққа көрсетілген үлгі-өнеге, салынып жатқан дара жол.
Ұзақ жыл ауданның білім саласында еңбек еткендіктен жас ұрпақтың келешегіне бей-жай қарауым мүмкін емес. Олардың туған еліне деген патриоттық сезімін ояту үшін, осындай жанашырлықтың жарқын үлгісі болуы керек деген ойдамын. Асылы дұрыс идеология болмаса, бәрі бекер. Алдымен адамның санасы өзгермей, оның дұрыс жолға түсетіні екіталай демекші, ел тізгінін ұстаған аудан әкімі Талғат Дүйсебаев жақсы істі қолға алыпты. Кент орталығы жайқалып, жолдар жөнделіп, орталық алаңды ең көрікті жерге айналдыру идеясы өте құптарлық.
Ал мақала авторы өзі оқыған кітаптың мазмұнын шеберлікпен жеткізуі оқырмандардың аталған кітапты іздеп жүріп оқу ынтасын оятады. Сондықтан, алыстағы дамыған елге қарап бой түзейтін болсақ, келешегіміз де кемел, болашағымыз жарқын болады деген ойдамын" деді ардагер-ұстаз.
Біз де өз кезегімізде ардегр-ұстазға жақсы сөз үшін алғысымызды білдіреміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ