Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек ардагерінің еңбегі еленсе игі

Еңбек ардагерінің еңбегі еленсе игі

Бәзбіреулер өткен өміріне көз жіберіп, бармақ тістетіп, бас шайқатар кездеріне өкініш білдіреді. Бірақ өмірлерін одан әрі өзгертуге батылдары жетпейді. Мұндайларды қазақ атамыз «ынжық» деп атаған. Енді кейбреулері күнделікті күйбең тіршілігіне риза болып, «О жаратқан ием, осы күніңе де мың да бір шүкір, тәуба» деп жүре береді. Мұндай жандарды қазекем «көнбіс» деген. Ал енді алдына үлкен мұрат-мақсат қойып, ұлағатты ұрпақ өсіріп, өмірде керегін алуға ұмтылған жандарға «қайтпас қайсар» деп айдар таққан. Бүгінде 80 жасқа келген кент тұрғыны Серікбай Маханғалиев осы соңғылардың қатарында қайсар мінезінен әлі күнге дейін танбай келеді.

Сол кездегі заман талабы ма, жастар техника тізгіндеуге құштар болды. Қатарластары секілді Сәкең де Қазалыдағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып, механизатор мамандығын бітіріп шықты. Бірнеше жыл трактор айдап, егін екті, шөп тасыды. Шаруашылықтардың сан-салалы жұмыстарына қызу араласты. Комбайн штурвалына отырып, күріш орып, дән де бастырды. Кейіннен автокөлік жүргізуге айрықша мән берді. Арнайы курстарда оқып, жүк және жеңіл автокөліктерді жүргізу құқығына ие болды. Сөйтіп жүк автокөліктерін айдап, түрлі салаларда тынбай еңбек етті. Арагідік жеңіл автокөліктерге де ауысып, лауазымды кісілерді қызмет бабымен күндіз-түні тасыған кездері де болды.

Сонау 1970 жылдардан бастап Серікбай ағамыз бірыңғай мал шаруашылығы салаларындағы бақташы-шопандарға қызмет жасауға кірісіп кетті. Қысы-жазы оларға азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар тасып, тыным тапқан жоқ. Қыстың қақаған аязында, шілденің шіліңгір аптабында, күз бен көктемнің жаңбырлы күндерінде талай мәрте автокөлігі сынып, далада қалған күндері де болды. Қайсар жан кездескен қиындықтарды жеңіп, бәріне төзе білді. Алыстағы шопан, малшы қауымына қызмет жасауды, керек-жарақтарын дер мезгілінде жеткізіп беруді күнделікті міндетім деп санады. Сол себепті ол малшылар қауымының ыстық ықыласына бөленіп, әріптестері арасында мерейі үстем болды.

«Еңбек – ер атандырады» демекші Серікбай Маханғалиев ағамыз халық сеніміне ие болып, 1972-1976 жылдары екі рет аудандық Кеңестің депутаты болды. Сол кездегі дәстүр бойынша орталық алаңдағы еңбек озаттарының Құрмет тақтасынан берік орын алды. Жыл сайын жарыс жеңімпазы төсбелгісімен марапатталып, аудан чемпионы атағын иеленді. Халыққа қызмет көрсету саласының үздігі ретінде омырауына «Құрмет белгісі» ордені мен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін тақты. Сол жылдары Серікбай ағамыз еңбек озаттары сапында Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық көрмеге қатысып қайтты.

–Сол бір қызықты да қиын шақтарды бүгінде қатты аңсаймыз, – дейді Серікбай ағамыз. Күндіз-түні жұмыс, үй көрмейсің. Өзің секілді адамдарды әсіресе малшылар қауымын қуантудан артық қандай бақыт бар десеңізші. Олардың балалары сонау алыстан автокөлігімді көргенде, жүгіріп алдыңнан шығады. Құтты бір туысқан ағайындай болып кеттік қой. Отыз шақты үйді аралау оңай емес. Әрқайсысының арасы 10-15 шақырымдай болады. Ойлап отырсам бақыт дегеніңнің өзі еңбек ету екен ғой, – дейді ардақты ардагер.

Жиырма бес жылдан астам техника айдап, ерен еңбегімен алғысқа бөленген Сәкең 1982 жылдан бас­тап аудандық астық қабылдау кәсіпорнында еңбек жолын жалғастырды. Автокөліктер мен сан алуан агрегаттарды жөндеп, іске қосты. Астық қабылдау жұмысының жандануына өз үлесін қосып жүрді. Денсаулығына қарай осы мекемеде 1998 жылға дейін қойма меңгерушісі болды. Сөйтіп 2003 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Серікбай ағамыздың еш алаңсыз еңбек етуіне жеңгеміз Ұлжанның ықпалы зор болды. Ол кісі 32 жыл табан аудармастан аудандық ауруханада медбике болып қызмет атқарған. Халыққа қызмет етудің қыр-сырын жақсы түсінетін жеңгеміз бала тәрбиесімен өзі шұғылданып, Сәкеңнің жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Бүгінде ұрпақтарын ұлтжандылыққа, еңбек етуге үйреткен Серікбай ағамыз бен Ұлжан жеңгеміздің 4 баласы бар. Үлкені Гүлнар – ұстаз, үйлі-баранды, Қызылорда қаласында тұрады. Ғалымжаны аудандық ішкі істер бөлімінде 25 жыл қызмет істеген, қазір отставкада, кәсіпкерлікпен айналысуда. Биыл «Жыл меценаты» номинациясын жеңіп алды. Бақытжаны Құмкөлде мұнайшы болып еңбек етуде, Эльмира облыстық мемлекеттік кірістер басқармасында қызмет жасайды. Бүгінде осы ұл-қыздардан өрбіген 15 немере, 16 шөбере бар.

«Еңбексіз өткен күн – қараң» деген қағиданы мықты ұстанған Серікбай Маханғалиев ағамыз ұрпақтарын адал еңбекке, несібе-ризығын жерден алуға үйрету мақсатында 100 гектар жер алып, егін егіп, мал бағуға бекем бел буған. Қазіргі таңда әсіресе немересі Еркін осы салаға машықтанып, бейімделіп келеді.

Иә, шындығында да қарапайым еңбек адамының қашанда мерейі үстем, мәртебесі биік. Еңбекпен есейіп, ұрпақ өсірген, ел игілігі жолында жанқиярлық танытқан Серікбай Маханғалиев ағамыз кез келген сый-құрметке лайық жан. Сондықтан оған қатарластары «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе деп ұсыныс жазған екен. Бұл құптарлық жайт. Құрметтесек, қарапайым еңбек адамын құрметтейік.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ
04 қыркүйек 2021 ж. 301 0