Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майталман механик

Майталман механик

Ауыл баласының қандай жұмысқа болмасын бейім келетіні жасырын емес. Өткен ғасырдың мектеп оқушылары үй жұмысынан бөлек жазғы демалыс кезінде күріш отағына, күзге салым Сыр салысын жинасуға шаруашылыққа қолғабыс беретін. Бұл еңбек тәрбиесінің балалардың болашақ мамандығын таңдауына игі ықпалы тиетін. Сол тоқсаныншы жылдардағы белсенді оқушының бірі – ақжармалық Өркенбай Бақберген.
Ол мектепте үлгілі шәкірт болуымен қатар шаруашылықтың түрлі науқандық жұмыстарының екпіндісі де болатын. Әкесі Әмзе Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл мектебінің ұлағатты ұстазы еді. Анасы Нағима он екі бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Осындай қос асылдан тәлім алған барлық балалар оның ішінде Өркенбай да бар, тәрбиелі, досқа, еңбекке адал болып өсті.
Ө.Бақберген 1992 жылы №130 Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін жүрек қалауымен шаруашылықтың №4 өндірістік бригадасына жұмысшы болып қабылданады.
– Менің техникаға араласуым осы жерден басталды. Сол кездегі бригада жетекшісі Қуаныш Ешмұратов ағамыз менің техникаға қабілетімді байқап, ауыл шаруашылық техникаларын жөндеу жұмыстарына тартты. Ұстазымның тапсырмасын бар ынтаммен атқаратын едім, – деп еске алады бүгінде Өркенбай жастық жалынды шағын. – Менен жақсы механизатор шығатынын айтқан Қуаныш аға кәсіптік-техникалық училищеде оқуыма кеңес берді.
Аталмыш бригадада бір-екі жыл жұмыс жасағаннан кейін жас жігіт Жалағаш аудандық кәсіптік-техникалық училищесінде механизатор мамандығында оқыды. Училищені бітіргеннен соң туған ауылына оралды, мамандығы бойынша еңбек етті. Шаруашылық басшылары қайда жұмсаса, сонда барды. Жауапты жұмыстарды абыроймен орындады. Арасында Қа­зақстан Қарулы күштерінің қатарында 1,5 жыл аза­маттық борышын өтеді. Әскерден келген соң шаруашылықтың №5 өндірістік бри­гадасында механизатор болып жұ­мы­сын жалғастырды. 2000 жылдардың бас ке­зінде шетелдік техникаларды ал­ғаш мең­гергендердің бірі осы Өркенбай Әмзеұлы. Шетелдік «Лаверда» комбайнын тіз­гіндеп, бірнеше жыл қатарынан ауданның, ша­руашылықтың чемпионы болды. Отандық және шетелдік техникаларды меңгеру үшін училищенің білімі аздық етті. Сондықтан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің көлік, көлік техникасы және технологиялар мамандығына оқуға түсіп, диплом алып шықты. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін отбасылық жағдайына байланысты аудан орталығына қоныс аударды. Бірнеше жыл «Тереңөзек Құрылыс Материалдар» ЖШС-де инженер болып қызмет атқарды. «Жол жолға жалғасады, ел елге жалғасады» дегендей, бесаспап механизатор, шебер механик Өркенбай Бақбергеннің еліміз, өңіріміз үшін транзиттік маңызы зор «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінде жарқын қолтаңбасы бар. Бірыңғай жоғары білікті мамандар жұмыс жасаған бұл бас дәлізде біздің кейіпкеріміз үш жыл қатардағы грейдер машинисі болып еселі еңбек етті.
Еңбек жолын механизаторлықтан бастаған білік­ті маман 2015 жылдан бері Сырдария аудандық сумен жабдықтау өндірістік бөлімшесінде инженер-меха­ник болып қызмет жасайды. Техниканың ақауын «жү­регінің» дүрсілінен білетін шебер механик бөлімшедегі көлік­тердің іркіліссіз жүруіне, техника қауіпсіздігіне жауапты. Білікті маман өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.
Ол үлгілі отбасының иесі. Зайыбы Ғалия №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің шағын ор­талығында еңбек етеді. Өркенбай мен Ғалия 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Үлкені Гүлімай Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің 3 курс, Аружан Алматы Аграрлық университетінің 1 курс студенті. Екеуі де мемлекеттік грант иегерлері. Кенже қыз Арайнұр 4 сынып оқушысы, ұлы Нұрдәулет 1,5 жаста. Еңбекқор әке балаларын білімді, тәрбиелі болып өсуіне күш салып келеді.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

01 ақпан 2020 ж. 931 0