ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕКПЕ ТУРАЛЫ ПІКІРІНЕ МӘН БЕРУІМІЗ ҚАЖЕТ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі эпидахуалға кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы сындарлы кезеңде дәрігерлердің қажырлы жұмыс істегенін айта келе, екпе алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, вакцинаға қарсы азаматтардың дәлелсіз пікіріне сенбеуге шақырды.
«Бізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтардың таңдау құқығы бар. Елімізде жаппай екпе егу науқаны жүріп жатқанымен, қоғамда вакцинаға қарсы азаматтар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, өзге азаматтарды адастырады. Жаппай вакцинациялау қарқынды жүргенде ғана, біз қауіпті індетке тосқауыл қоя аламыз», деді Жолдауда Мемлекет басшысы.
Иә, расында да екпе барлық жұқпалы аурудың емі. Аудан дәрігерлері екпенің пайдасы жөнінде ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күнделікті жүргізуде. Атап айтсақ, аудан тұрғындарының егілуге тиіс 18 029 халықтан, бүгінгі таңда егілгені 14 870, яғни 82,4 пайызын құрайды. Сонымен қатар, «Д» есепте тұратын 6529 науқастың 3395-не салынып 51,9 пайызын құрады. Ауданымызда 3395 зейнеткер болса 1429-ы өз еркімен вакцина алуға келісім білдіріп 42,9 пайызын құрады.
Тұрғындар тек сала мамандарының пікіріне сенуі керек. Сондықтан Жолдауда Президент атап өткен пікірге құлақ түріп, мән беруіміз қажет. Біз біріксек, жеке жауапкершілік танытсақ, қауіпті індетті жеңеміз.
Жанар ЖҰМАБАЕВА,
Cырдария аудандық ауруханасы бас дәрігердің
бастапқы медициналық санитариялық көмек жөніндегі орынбасары