Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ІІ типтік вакцина дозасын салдырды

Аудан әкімі ІІ типтік вакцина дозасын салдырды

Қауіпті індетке қарсы екпе егудің бірінші кезеңі ауданда 2021 жылдың 9 наурызынан басталған болатын. Жұқпалы инфекцияға қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасының І типтік 100 дозасы толық салынды. Кеше ауданда вакциналаудың екінші кезеңі басталды. Осыған орай аудан әкімі Талғат Дүйсебаев ІІ типтік вакцина дозасын салдырды.

– Ауданда вакциналау жұмыстары басталғанда ресейлік екпенің І типтік дозасын салдырдым. Өзінің тәртібі бойынша екінші кезеңі арада 20 күн өткеннен кейін басталып отыр. Осы уақыт аралығында вакцинаның теріс әсері болған жоқ. Сондықтан бұл қауіпті індетке қарсы тұру үшін екпе салдырып, денсаулығымызды нығайтуымыз керек, – деді аудан басшысы.

Айта кету керек, ауданға ресейлік I және II типтік вакцинасының 200 дозасы жеткізілген еді. Алғашқы кезеңде 100 доза салынса, екінші кезеңде 100 доза егілетін болады.

Сондай-ақ, бүгін қауіпті инфекцияға қарсы аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудан әкімі аппаратының басшысы Талант Ерманов және бірқатар әкімдік қызметкерлері мен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері екпе салдырды.
31 наурыз 2021 ж. 555 0