Қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты
Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттемеден кейін 2020 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтУ мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2020 жылдың 31 желтоқсанында қолданысқа енгізілді.
Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты. Енді полиция қылмысты ашады, оған қатысты тұлғаларды анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді. Прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды, азаматтардың қылмыстық процестің орбитасына заңсыз тартылуына жол бермейді, сотта мемлекетті айыпты қолдайды. Ал сот органы қылмыстық қудалау органы қызметкерлерінің әрекеттеріне түскен шағымдарды қарайды және түпкілікті шешім қабылдайды.
Аталған қылмыстық процестің үш буынды моделі – азаматтардың құқықтарының дер кезінде қорғалуын қамтамасыз етеді және жоғарғы халықаралық стандарттарға жауап береді. Осы орайда, жаңа заңға сәйкес прокуратураның функционалдық міндеттері күшейтіліп, қылмыстық процестегі негізгі шешімдер прокурордың келісімімен және бектітумен қабылдануда. Енді «күдікті» деп тану, әрекетін саралау, тергеп-тексеру мерзімін үзу туралы шешімдер прокурордың келісімімен жасалады.
Сондай-ақ прокурор айыптау актісін, бұйрықтық іс жүргізуді, теріс қылық хаттамасын және қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысын бекітеді. Жаңа жоба қадағалау органдарына бірқатар жүктемелерді артып отыр. Қазіргі күні прокуратура құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста. Бұдан бөлек, жаңа заң аясында қылмыстық іс жүргізудің электронды форматы 100 пайызға жеткен.
Бүгінгі күнге жаңа заң аясында аудан прокуратурасымен 35 тұлғаға қатысты «күдікті» деп тану, 3 тұлғаның іс-әрекетін саралау, 30 қылмыстық істің тергеп-тексеру мерзімін үзу туралы қаулылармен келісті. 37 қылмыстық істі сотқа жолдап, 76 қылмыстық іс бойынша тоқтату туралы қаулыларды бекітті. Аудандық прокуратура жаңа заңның сақталуына бағытталған кешенді іс-шараларды атқаруда.
Ж.Сиха,
Сырдария аудандық
прокуратурасының прокуроры