Қызметіне адал салықшы
Жұмысқа алғаш келгенімде кірістер басқармасының қызметкерлерімен бірге ауданға қарасты елді мекендерді іс-сапармен аралауға шыққан болатынбыз. Салық заңнамаларын жеке кәсіпкерлерге түсіндіріп, қателіктермен жұмыс жасау керектігін мұқият ескерткен сала маманының біліктілігі бірден байқалады. Көпшілікпен емен-жарқын әңгімелескен білікті маман – Эльмира Байманова екен.
Кезекті сапар барысында таңғы 7.00-де Нағи Ілиясов ауылына атбасын бұрдық. Өз кезегінде Эльмира Жақсылыққызы жолаушыларды тасымалдаушылармен пікірлесіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жолдарын түсіндірді. Дегенмен жергілікті халықтың әрекетсіздігінен салық мамандарының қызметі күрделі екеніне көз жеткіздік. Жүрек қалауымен осыдан 23 жыл бұрын кірістер басқармасына келген ол «экономист» мамандығы бойынша білім алады. Арманына қанат бітірген жас маман аудандық салық комитетінің «салық төлеушілермен жұмыс жасау» бөліміне салық инспекторы болып қызметке орналасады. Кейіннен, үлкен буыннан тағылымды тәлім алып, аға салық инспекторы, маман, жетекші маман, бас маман қызметтерін абыроймен атқарған. Ал көпшілікпен тіл табыса алған жан осыдан 11 жыл бұрын «Салықтық аудит» бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды.
– Ауданда қызмет жасаған уақытта әріптестеріммен бірге салық саласы бойынша еңбек еттік. Қоғамда сан алуан мінезді адамдар болады. Олармен жұмыс жасауда жылдар бойы жинақтаған тәжірибен мен білімін сараланады. Мәселен, жылдар бойы заңсыз такси қызметі, түрлі қызметтермен айналысқан дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар, арнайы рұқсатсыз алкоголь өнімдерін сатқан дүкен иелерімен тығыз байланыс орнатып, Мемлекеттік кірістер органдарына тіркетуге жұмыс жүргіздік. Осы кезге дейін аудан бюджетінің кіріс бөлігін толтыруға да басшылық тарапынан ауқымды жоспарлар қабылданды. Қызмет барысында талай қиындықтармен бетпе-бет келдік. Барлығын заң аясында шешілуін қамтамасыз еттік, – дейді Эльмира Жақсылыққызы.
Қазіргі таңда Эльмира Байманова Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде «Ірі салық төлеушілер басқармасында» бас маман қызметінде. Жары Бақытжан Маханғалиевпен бірге 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Осы кезге дейінгі табанды еңбегі үшін білікті маман Сырдария ауданы әкімінің бірнеше рет «Алғыс хаттымен», Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Құрмет грамотасымен» Қаржы Министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Балтабай ОРДАБЕКОВ