Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абайдың 50 өлеңін жатқа білетін оқушымен пікірлесті

Абайдың 50 өлеңін жатқа білетін оқушымен пікірлесті

Абай күніне орай «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы тереңөзектік озат оқушы Жания Аманбековамен бейнебайланыс арқылы пікірлесіп, атаулы күнге байланысты еркін форматта әңгімелесті. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінде білім алатын Жания ұлы ақынның 50 өлеңі мен барлық қара сөзін жатқа білетінін айтып, ақынның өлеңдерін жаттау мен мәнерлеп оқудан рухани шабыт алатынын атап өтті.

– Абай күніне орай өзің секілді білімді, алғыр жаспен пікірлескенді жөн көрдім. Ақынның 50 өлеңін жаттау мен оны мәнерлеп оқудағы ізденісін өзге оқушыларға үлгі-өнеге деп білемін. Қазақ пен Абайды бөліп қарастыру мүмкін емес. Нағыз қазақ – Абай, ал Абайдың пәлсапасы, көзқарасы, таным-түсінігі, мазмұнды қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын шығармалары қазақ халқының тамыры терең тарихымен, салт-санасымен, әдет-ғұрпымен, тәлім-тәрбиесімен тығыз байланысты. Сондықтан елімізде Абай күнінің Үкімет қаулысымен бекітілуі заңдылық, – деді пікіралмасу барысында А.Ибрагимұлы.

Өз кезегінде Жания Аманбекова шығармашылық байқауларға қатысып жүргенін айта келе, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерімен бөлісті. Әр жетістікке жетуінде ата-анасының, мектептегі ұстаздарының еңбегі зор екенін атап өтті.

Онлайн форматта өткен сұхбаттасу барысында «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы алғыр оқушы Жания Асылбекқызының алдағы уақытта биік белестерді бағындыруына тілектестігін білдірді. Қалаған мамандығының иесі атанып, ел дамуына үлес қосатынына сенім артып, 100 жаңа оқулық сериясы бойынша «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің алғы сөзімен жарыққа шыққан «Қала үшін күрес. Урбанистік революция нұсқаулығы» атты кітапты тарту етті.

Айта кетейік, Абай өлеңдерін жатқа білетін Жания – «Елбасы» медалінің иегері, аудандық мектепішілік Абай оқулары байқауының жеңімпазы. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы болашақта химия, биология саласы бойынша білікті маман атануды армандайды.

10 тамыз 2021 ж. 313 0