Абайдың мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі
Қазақ халқының мақтанышы Абай Құнанбаевтың биыл туылғанына 175 жыл толып отыр. Абай Құнанбаевтың ақындығы түпсіз терең мұхитпен тең десек, қателеспеген болар едік. Ғажайып суреткер, нәзік лирик, көркемсөз шебері, ең алдымен - ойшыл ақын. Бұл пікір ақынның өмір құбылыстарын терең толғап айту жағы басым келетін өлеңдеріне, философиялық дүниетанымына және оның қара сөздеріне, әсіресе дінге, Алланың болмысы, имандылық туралы толғаныстарына қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Абайдың мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты», деген болатын.
Шынында, ақынның шығармашылық мұралары – халықтың рухани қазынасы, тәлім – тәрбие өзегі. Ақын бар ойын ел болашағы жастарға арнаған еді. Негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат - «толық адам» етіп тәрбиелеуді мақсат тұтты. Абайдың шығармаларында жастарды оқу – білімге шақыру қазір де өзекті,тіпті қай уақытта да өзектілігін жоғалтпайды деп білемін. Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасынан орын алады.
Айдос ОМАРОВ,
Жас Отан Жастар қанаты Сырдария аудандық филиалының бөлім басшысы
Жас Отан Жастар қанаты Сырдария аудандық филиалының бөлім басшысы