160 отбасы баспаналы болды
Елорда және Ұлттық домбыра күні қарсаңында Сырдария өзенінің сол жағалауынан әлеуметтік осал топтағы отбасыларға «Нұрлы-Жер» бағдарламасы аясында салынған арендалық тұрғын үйлердің кілті табысталды, – деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі баспаналы болған тұрғындарды Елорда күнімен құттықтап, әр жанұяға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тіледі.
" Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданған мемлекеттік бағдарламалар өңірімізде сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде Алаштың анасы атанған қасиетті мекен қарқынды құрылыс алаңына айналды.Осыдан бір ай бұрын ғана 180 пәтерлік тұрғын үйді табыстадық. Ал бүгін, 160 отбасы баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлағалы отыр. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! ",- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
160 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үйлердің құрылысын «Жабдықтау», «Сапақ», «Нұр-Талап и К», «Астана-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізген. Өңір басшысы сол жағалауда жаңа қала салуды қолдап, карантиндік шектеуге қарамай батыл қадам мен нық шешім қабылдап, тұрғын үйлер көтерген Сыр құрылысшыларына қос мереке қарсаңында алғыс хаттарын табыстады.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында 12 жаңа шағын аудан, 7 тұрғын үй кешені бой көтеріп 8,5 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада соңғы екі жылда республикалық, облыстық бюджеттерден 620 пәтерлік 13 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты несиелік тұрғын үйлердің, сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың есебінен 604 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін 560 пәтерлік арендалық 11 көпқабатты үйдің және 590 пәтерлік несиелік 13 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.