1000 түп алма ағашы егіледі
Көктемгі науқанда «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС егін жұмыс-тарына қызу дайындық үстінде. Егін егудің қыр-сырына қаныққан шаруалар жыл аяғында қамбаны мол астыққа толтыруды жоспарлап отыр. 100-ге жуық қызметкері бар шаруашылық межеге жету үшін қазірден қамдануда.
Биыл шаруашылық жұмысшылары 4 бригадаға бөлініп, 923 гектарға Сыр салысын екпек. Бүгінде шаруашылықтың теңгерімінде 5 ХТЗ тракторы, 8 МТЗ тракторы, 3 «Енисей» жаткасы, 1 егін жинайтын комбайн бар. Ауыл еңбеккерлері күрішпен бірге 595 гектарға жаңа және ескі жоңышқа егуді жоспарлауда. Осы уақытта толықтай себілетін тұқым мөлшері дайындалып, 100 пайыз тыңайтқыш сатып алынған.
– «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС егін маусымына дайындықты бастап кетті. Ризық-несібесін жерден терген шаруалардың еңбегі зор. Ала жаздай бейнетпен келетін жемісті күндерді асыға күтеміз. Артымызда тілеулес ағайын тұрғанда жақсы нәтижеге жетуге жұмыс жасаймыз. Өткен жылы қызметкерлемізге еселі еңбектері үшін бағалы сыйлықтар табыстап, автокөлік мінгіздік. Сонымен бірге ардагерлерге құрмет көрсету жыл сайын жалғасын тауып келеді. Мектеп оқушыларына да қолдау көрсете бермекпіз. Ауыл тұрғындарына тиісті мөлшерде ақ күріш пен жем таратылды. Алдағы уақытта 2-5 гектар егіс алқабына бақша өнімдерін егуді қолға аламыз, – дейді «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС төрағасы Бақытжан Жақып.
Айта кету керек, биыл шаруашылық елді мекен аумағына 1000 түп алма ағашын отырғызбақ. Қазіргі уақытта алма бақтың жері дайындалуда. Өз кезегінде шаруашылық басшылығы тарапынан жыл қорытындысында 50 центнерден жоғары өнім жинаған бригадир мен 60 центнерден жоғары өнім жинаған күрішшіге автокөлік кілтін табыстауды жоспарлап отыр.
Балтабай ОРДАБЕКОВ