Мақтаулы механизатор
Отыз бес жылдан аса уақытта шаруашылықта қызмет етіп келе жатқан Әбілда Жаманқыз үздік механизатор ретінде көпшілікке танылған. Техниканың ақауын дауысынан аңғаратын ол – комбайн жүргізудің шебері. Аптап ыстыққа қарамастан егістік басынан табылып, жастарға бағыт-бағдар беруден жалықпайды. Аптықпай, адымын анық басатын тәжірибелі механизатор күріштен шашау шығармай жинауға зор үлес қосады.
Механизатор – алып техниканы қалауынша жүргізетін кәнігі маман. Біздің кейіпкеріміз көктемде кең алқапқа күріш сеуіп, дамылсыз күндерді далада өткізеді. Мезгілінде межелі жоспарды орындау – басты мақсат. Бұрын шынжыр табанды комбайн айдаған Әбекең заманауи техниканың мүмкіндіктері зор екенін айтады. Жаңа техниканың қозғалысы ширақ, бір жағынан шаруаға қолайлы.
Отбасында екі ағайынды Әбілда Жаманқыз ауылдағы мектепте білім алған. Жары Гүлмира – аудандық ауруханада аспазшы қызметін атқарады. Ерлі-зайыпты үш перзент тәрбиелеп отыр. Әркез үйдегі отанасы жарының бабын тауып, мақтаулы механизатордың еңбегін бағалап отырады.
– Маусым басталғалы егіннің түрлі қиындықтарына кездесеміз. Егістік басына барып, күрішшілерді техникамен қамтамасыз етеміз. Баптамаса егін мол өнім бермейтінін жақсы білеміз. Аллаға шүкір, осыған дейін тізгіндеген техника біткен жолда қалдырған жоқ. Жанымда көмекшім Елдос Жармағанбетов бар. Алдағы ору маусымына дайындық үстіндеміз. Бірнеше тонна тұратын комбайнды жүргізу қиындыққа соқпайды. Бастысы, егініміз бітік шығып, мол өнім алсақ, қуаныштымыз, – дейді Әбілда Жаманқыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ