Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майталман механизатор

Майталман механизатор

Трактор жөндеу алаңын­да механизатор Нұрлан Мер­­геновті кезіктірдік. Тех­ни­­каның диагностикасын мең­герген тәжірибелі маман трак­торын жөндеу үстінде екен. Ол Отыз жылдан аса уақытта шаруа­шылықта еңбек етіп келеді. Өндіріс басында тынымсыз күндерді өткерген механизатор «темір тұлпарым жарты жолда қал­дырған емес» дейді.

Техника жөндеу шебері Нұрлан Мергенов осыдан 57 жыл бұрын Ақжарма ауылында дүниеге келген. Зайыбы Ләззат Дәулетбаева да «Ақжарма-2» шаруа қожалығында қойма меңгерушісі болып жұмыс істейді. Олар отбасында 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Нұрлан аға көліктің көп бұзылатын жері – қозғалтқыш қорабы екенін алға тартады. Қалған бөлігін қосалқы бөлшектері табылып жатса, жол-жөнекей жүріп жөндеп алады екен.

Жас­тайынан шар­уашылықтың ыс­тық-суығына көнген Нұ­рекең бір жылдары Мәс­­кеу қала­сында әс­кери борышын өтеген.

– Көліктің күтіміне барлық механиза­торлар жауапты. Көлік жүргізуде ыждағат­тылық маңызды рөл атқарады. Атыздың бойында жер жыртып, күріш орған кезде ең алдымен, көліктің ақа­уына мән беруіміз керек. Бір техниканың бұзылуы орасан шығынға ұшыратуы мүмкін. Бұрын шаруашылықта 18 механизатор болатынбыз. Қазіргі таңда 7-8 әріптесіммен бірге егістік даласында көлік тізгіндейміз. Өз басым 9 жылдан бері ХТЗ тракторын жүргізіп келемін. Жер тегістеп, егістік алқабын қалыпқа келтірудеміз, – дейді майталман механизатор.

Күзгі маусымда механизатор «Torum» деп аталатын комбайнмен күрішті бастырады. Бір күнде техникамен 8-12 гектар жер жыртатын маманның анасы Күлән Сейілова шаруашылықтың ардагері. Бүгінде 79 жасқа толған ардақты ана үнемі егіс даласындағы шаруаның міндетін ұрпақтарына айтып отырады. Кейінгі жастарға білгенін үйретуден жалықпайтын Нұрлан Мергенов шаруашылық ардагері Қонақбай Әлжанов, агроном Қабыл Асылбековтан техника тілін меңгерген.

 Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 сәуір 2021 ж. 505 0