Егіні бітік шыққан «Қызылдихан»
Басылым бетінде асыраушы сала еңбеккерлері жайында тұрақты түрде насихаттап келеміз. Бұл жолы аудандағы ірі шаруашылықтардың қатарына жататын «Қызылдихан» шаруа қожалығында болған біз даңғайыр диқан ізбасарларымен дидарластық.
Сырдың басты дақылы күріштен мол өнім алу үшін дала еңбеккерлері демалыссыз қызмет етуде. «Қызылдихан» шаруа қожалығында қазіргі таңда 100-ге жуық қызметкер егін егіп, жақсы нәтижеге қол жеткізуге ұмтылыс жасауда. Негізінен, қызылдихандықтар биыл 700 гектар жерге Сыр салысын еккен. Жылдағы межеден төмен болғанымен, қамбаны астыққа толтыру ойда бар. Бүгінде су тапшылығы салдарынан барлық шаруашылықта қиыншылықтар туындауда. Соған қарамастан шаруа қожалықтың 3 бригадасында тынымсыз тірлік тұрақты түрде жүргізіле бермек. Қимылы ширақ, қиынның қиюын табатын диқанға 100 гектар ескі жоңышқаның бабын табу да жүктелген. Олар мал азығын жинақтап, «Қыстың қамын жаз ойла» деген қағиданы қатаң ұстанады.
– Күріш егудің түрлі қиындықтары әр маусымда алдымыздан шығып жатады. Осы жылы су тапшылығын әжептеуір сезіндік. Бір атызға су толық барса, келесісі суға жарымай қалады. Дер кезінде суды жеткізуге барымызды саламыз. Біз жылда күріштің «Лиддер» сортын егеміз. Шаруашылықтың 1000 гектар жерге күріш егуге қауқары жетеді. Әйтсе де, асыраушы салада орын алған жағдайларға байланысты жоспарлы бағыт-бағдарымызға иек артамыз. Бізде жұмыс күші жеткілікті. Техника сақадай сай.
Соңғы 10 жылда облыстық мәслихат депутаты Бақдәулет Мақашев басқаратын «Жан-Арай» ЖШС-мен серіктестік орнатқанбыз. Өзара серіктестік байланыс аясында толағай табыстарға қол жеткізудеміз. Қайбір жылы су жаңа шеберхана, күріш сақтайтын қойма, 60 тонналық таразы, күріш тазалайтын цех, шаруашылық қызметкерлері отыратын кеңсе, бильярд залы, асхана желісімен қамтылған үлкен кешен салынды. Жақында күріш сақтайтын үлкен қойманың құрылысын аяқтадық. Ал шаруалар дәнекерлеу жұмысын жасауға қолайлы екі бөлмелі ғимарат салуды бастап кетті. Бұрынғысын бұзып, механизаторлар емін-еркін көлік жөндеу үшін ашық алаң жасамақпыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев.
Шаруашылықта бильярдтан ашық турнир ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге «Қызылдихан» шаруа қожалығы №131 орта мектепке жыл сайын демеушілік көрсетіп келеді. Мәселен, білім ұясына спорттық тауарлар мен музыкалық аспаптар, ұлттық киімдер алуға қаржылай көмек көрсетілді. Лагерьге де барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Арнайы бақша жұмысын жандандырып, жеміс-жидек отырғызылды. Алдағы уақытта бақша өнімдері жергілікті халыққа үлестірілетін болады.
– Әлемді әбігерге салған пандемия уақытында өзге өңірлерге көшіп кеткен жастарымыз ауылға қайтып оралған болатын. Қиын-қыстау кезінде қолдау көрсетіп, бірнеше азаматты жұмысшылар қатарына қостық. Қазіргі таңда шаруашылықта барлық қызметкер ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қызметкерлерге жаңадан үй көтерген жағдайда құрылыс заттарын алу мақсатында көмек көрсетіледі. Тағы да басқа қайырымдылық іс-шараларға үн қосып отырамыз. Науқастанған қызметкерлерге 100-150 мың көлемінде қаржылай қол ұшын созамыз. Отбасылық жағдайға байланысты шаруашылық есебінен демеушілік етеміз.
Осы күні техникалық базамыз жеткілікті. Егістікте қызу тірліктің тоқтамауына механизаторлар бар күш-жігерін салады. Бізде 6 дана трактор, 2 жер айдайтын трактор, 2 дана MacDon M105 жаткасы, 1 Нью Холланд СSX7050, 4 комбайнмен қатар 7 жүк тасымалдайтын көлік пен экскаватор бар.
Астыққа 2 центнерден карбамид тыңайтқышы, 1 центнерден фосфор берілді. Тағы да басқа жерді тыңайтатын дәрі-дәрмектер себілді. Тамыз айының басынан бастап, алқаптарды бөгеу қарқынды жүзеге асырылуда. Өткен жылы гектарына 71 центнерден өнім алдық. Биыл да сол межеден көрінеміз, – дейді білікті басшы.
Шаруашылықтағы диқан қауым мал азығын дайындауда белсенділік танытуда. Толықтай жонышқа орылып, қолжетімді бағада халыққа ұсынылады.
Қыруар тірлікті қымсынбай атқарып жүрген қаншама адам асыраушы саласының үздігіне айналған. Мәселен, күрішшілер Талғат Қожабаев, Ерлан Жүсіпбаев, Жангелді Смайылов, Азамат Аманулаев, Әбусәлім Үсенбай, Ғалым Сағынбаев, Сәбит Өскенбаев, Садық Маханов, Жылқыайдар Бәйімбетов, Бауыржан Қоқымбаев, Серікбол Ілиясов мақтаулылар қатарында. Ал механизаторлар Әбсадық Маханов, Алмас Кеңесов, Әбілда Жаманқыз, Руслан Бисенбаев, Ерлан Жолшыбек, Хайролла Нұрболат, Жасұлан Нұрымбетов техниканың тілін меңгерген. Тасымалдаушылар Ержан Маханбетов, Серікбол Бекішов, Қайрат Қалиев, Мейірбек Ыдырысов, Кенжебек Әубәкір, Ақайдар Сақтағановтардың да еңбегі зор.
Балтабай ОРДАБЕКОВ