Шаруа қожалықтың техникалық базасы нығайып келеді
Ауыл халқы ата кәсіп болған егін шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда елді мекенде 500 гектарлап егін егетін «БАҚ» және «Нұрбек» шаруа қожалығы бар. Аталған шаруашылықтар 500 гектар көлемінде жоңышқа да егіп, ауылды мал азығымен де қамтамасыз етуде.
Асыраушы сала болған егін саласында «БАҚ» шаруа қожалығы елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Шаруашылық өткен жылы егілген 500 гектар күріштің әр гектарынан 62 центнерден өнім алған. Мұндай жоғары көрсеткішке жетуде еңбеккерлердің үлесі көп. Атап айтқанда, бригадир Батырбек Сарыбаевтан бастап, диқандар Артур Нұрғалиев (75,9 ц), Айбек Қосуақов (67,2 ц), Кенжетай Баймұрзаев (66,6 ц), Сәрсенғазы Байтоқаевтар (66 ц) тынымсыз еңбек етіп, нәтижелі жұмыс атқарған. Сонымен қатар егінді орып, бастыруда Сәбит Ахметов, Әлібек Мықбаевтар, тасымалда Оралбай Балабаев, Айбар Нұрмандар шаруашылық жұмысын ілгерілетуде.
– Біз жылдағы межені орындап, қамбаны астыққа толтырып келеміз. Өткен жылғы су тапшылығы бізге де әсер етті. Алайда, еңбеккерлермен күндіз-түні тыным таппай жүріп, мол өнім жинадық. Соның негізінде шаруа қожалықтың техникалық базасы нығайып келеді. Өткен жылдың өзінде 2 «МТЗ-80» тракторын, жер жыртуға арналған «Claas» тракторын арнайы соқасымен алдық. Бұл шаруашылық жұмысына серпін, еңбеккерлерге ынта береді, – дейді шаруашылық төрағасы Серік Әбжалиев.
Айта кету керек, шаруашылық төрағасы биыл Қалжан ахун ауылынан аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Ендігі жерде халық қалаулысы ретінде елді мекен мәселесін атқарушы билікке жеткізіп, оң шешімін табуға ықпал жасайды.
Сондай-ақ іргелі ауылда «Бекпенбетова», «Сүндетбай» секілді ұсақ шаруа қожалықтары да егін егіп, өз нәпәқаларын жерден табуда. Жалпы, елді мекен халқы ата кәсіп болған егін, мал шаруашылығымен айналысып, аудан дамуына үлес қосып келеді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ