Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

№ 33 газет

27 сәуір 2024 ж.

№ 32 газет

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » 2011 жыл: Тәуелсіздіктің жиырмасыншы шыңы

2011 жыл: Тәуелсіздіктің жиырмасыншы шыңы

1928 жылы іргетасы қаланған аймақ егемендіктің екінші онжылдығын бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайған, дамудың даңғыл жолына түскен іргелі аудан ретінде қарсы алды. 2011 жылы ауданымызда қандай жаңалықтар, жетістіктер болды? «Тәуелсіздік шежіресі» айдарында өткенге көз жүгіртіп, тарихты толғайтын боламыз.

Аудан бойынша 2010 жылы 235 сәби өмірге келсе, 2011 жылы дүние есігін ашқан сәби саны 247-ге өскен. Сәйкесінше неке құрғандар саны да артып, өткен жылмен салыстырғанда шаңырақ көтерген отбасылар саны 14-ке артқан.

Батыр аналарға құрмет көрсетіліп, сол кездегі кент әкімі Балшекер Өтегенова Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Батыр аналарды қабылдап, алтын, күміс алқамен марапаттаған.

Ал Бесарық ауылы сол жылы 60 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтіп, ауылдың көркеюі жолында түрлі шаралар атқарған. Бұған дейін де ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиевке «Құрмет ордені» табысталған.

Дәл сол жылы шілде айында оқыс оқиға орын алып, аудан орталығындағы Абай көшесінің бойында орналасқан аудандық қаржы, ішкі саясат, жер қатынастары бөлімі мен «Қазақ тілі» қоғамы мекемелерінің кеңсесінен өрт шыққан. Оқиға орнына дер кезінде жеткен өрт сөндіру қызметкерлері мекеменің бір жақ бөлігін аман алып қалуға үлгермегенімен, жер қатынастары бөлімінің 90 пайыз құжаттарын, мекеме меншігіндегі автокөліктерді құтқарып қалған. Сол күні сол кездегі аудан әкімі С.Тәуіпбаев төтенше жағдайға байланысты арнайы мәжіліс өткізіліп, мәселенің мән-жайы талқыланған.

Кей тұстағы «әттеген-айды» айтқызатын жайттар бол­ғанымен жалпы кент және ауданға қарасты ауылдардың жағдайы біршама тұрақталып, дами түскен. Атап айтар болсақ, Ж.Ізмағанбетов басқарған «Айдарлы» шаруа қожалығы сол жылы 200 гектар күріш егіп, 16 жергілікті тұрғынды жұмысқа қабылдаған. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының 50 гектар алқапқа картоп, бақша егулеріне көмек көрсеткен. Қожалық ауыл маңындағы жеті көлге өз күштерімен су жеткізіп, жұмыс жасаған.

Бұл жылы мектептерде жаңадан «Өзін-өзі тану» пәні оқу бағдарламасына енген. Оқушыны рухани байытуды мақсат еткен жаңалық турасында мектеп мұғалімдері «Бұл – баланы рухани адамгершілікке баулитын сабақ. Күнделікті өмірмен, көркем әдебиетпен, ән-әуез пәндерімен тығыз байланысты» деп басылым бетінде өз пікірлерін білдірген.

Жазғы демалыс маусымының ашылуына орай аудандағы «Жалын» тынығу лагерінің ашылу салтанатына сол тұстағы облыс әкімі Болатбек Қуандықов арнайы келіп, сырдариялық балғындардың қуанышына ортақтасқан. Көңілді әрі салтанатты жиынға облыс басшысымен бірге аудан әкімі, облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы, ел ағалары қатысқан.

«Невада-Семей» полигонының жабылғанына 20 жыл тол­уына орай кент мәдениет үйінде «Невада-Семей» қозғалысының облыстағы төрағасы С.Әбіш келіп, кент орталығында тұратын бір топ азаматты Отан алдындағы борышын адал атқарғаны үшін Семей ядролық полигонының ардагері төсбелгісімен марапаттаған. Аудан бойынша полигон зардаптарын жоюға атсалысқан азаматтардың саны 120-ға жуықтайды.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Қазақтандық әрбір азамат үшін ерекше мереке болғаны анық. Республика көлемінде айрықша аталып өтетін мейрамға жыл басталғаннан жүргізілген дайындық жұмыстары аудан көлемінде де айқын көрініс беріп жатты. 2011 жылы «Электр желілерін жаңарту мен жаңғыртудың» облыстық бағдарламасы аясында арғы беттегі Б.Момышұлы көшесі бойына екі жерден подстанцияның іргетасы қаланған. Аудан әкімінің орынбасары Е.Әжікеновтің бастауымен кент ардагерлері, мердігер компания өкілдері қосалқы подстанцияның алғашқы іргетасын қоюға қатысқан. Шарада ҰОС ардагері Я.Тасыров іс оңға бассын деп өз батасын берген.

«Сыр елі – жыр елі» дейміз, сол жылғы халықаралық «Бозторғай» байқауында қос бірдей бас жүлдені қанжығаға байлаған сырдариялықтар мұны тағы да дәлелдей түскен. ХІІІ халықаралық байқауда бұдан бөлек ІІ орынмен, арнайы дипломмен марапатталған өнерпаздар ауданның мерейін үстем еткен.

Мәдениет ошағына айналған таланттылар өлкесіне сол кездегі Мәдениет вице-министрі Ғазиз Тұрысбекұлы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Берік Жүсіпов аудандағы №10 кәсіптік мектеп, аудандық аурухана, А.Тоқмағамбетов ауылдық округінде және №210 мектепте болып, мұғалім, дәрігер, жастар өкілдерімен, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген.

«Ер есімі – ел есінде» дейтін халық арда азаматтарын естен шығармаған. Осы ретте наурыз айында ауданда елеулі оқиға орын алып, республикаға еңбегі сіңген қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың есімі ұлықталып, кентте жаңадан бой түзеген көшеге аты берілген. Салтанатты іс-шараға жиналған ұрпақтары мен көз көрген замандас достары қоғам қайраткерінің өмірбаяны мен еңбегі туралы баяндап, естеліктерімен бөліскен.

2008 жылдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталығы Сырдария аудандық филиалының ауылдарда 8 өкілдігі жұмыс жасаса, оған тағы екі ауылдағы Н.Ілиясов пен Бесарықтағы өкілдіктері қосылған. Бұл өкілдіктердің ашылу салтанаты алдымен республика бойынша көрікті ауыл саналатын Кеңес Одағының батыры Н.Ілиясов атындағы елді мекеннің мәдениет үйінде өткен. Берекелі Бесарық ауылындағы ашылу салтанат та үлкен мерекелік шара ретінде ұйымдастырылған. «Бір терезе» қағидатымен салынған өкілдіктердің ашылу рәсіміне сол уақыттағы аудан әкімінің орынбасары Қ.Сәрсенбаев, аудандық филиал жетекшісі Ж.Жұмабаев, ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағалары, жергілікті шаруа қожалықтарының директорлары қатысқан.

Тамыз айында жылдың жартысын қорытындылаған сол кездегі кент әкімі Балшекер Өтегенова кент келбеті жайынан тұрғындар алдында есеп берген. Ең алдымен аудандағы тазалық мәселесіне баса назар аударған кент әкімі жұртшылықты аудан орталығын бірге көркейтуге шақырған. Жиын барысында көшелердің жөнделуі мен жарықтандыру жайы, ауыз су мәселелері талқыланған.

Елбасының «Саламатты Қазақстан-2020» бағдарламасы аясында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай аудан орталығынан «Сырдария» спорт клубы ашылған. Соның құрметіне шахматтан аудан біріншілігі өткізілген. Жарыс қорытындысында үздіктер анықталып, бірінші және үшінші орынды тереңөзектік шахматшылар иеленсе, екінші орын шағандық спортшыға бұйырған.

Тамыз айының соңғы онкүндігінде тамыз Мәслихаты өткізіліп, онда сала мамандарына алдағы оқу жылына арналған жаңа міндеттер жүктелген. Маңызды шарада бірқатар білім саласының майталмандары облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, аудан әкімінің Алғыс хаты, арнайы сыйлығымен марапатталған. Марапат алып, мерейі артқан ұстаздар қатарында Марат Сәдуақасов, Айгүл Жаңабергенова, Раушан Абдраманова, Үміткүл Жұмабаева, Жанна Нұртазаева, Баян Сүюбаева, тағы басқалар болған.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

07 тамыз 2021 ж. 237 0