Форсайт-лекция: білімді ұрпақ – Жаңа Қазақстанның интеллектуалды капиталы
«Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы «Білімді ұрпақ – Жаңа Қазақстанның интеллектуалды капиталы» тақырыбында елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастармен кездесті.Партияның аудандық филиалында өткен мотивациялық форсайт-лекцияға арманы асқақ, мақсаты айқын жастар қатысып, білім алу дағдылары, қарым-қабілеттері бойынша ой-пікір бөлісіп, болашақта болуы мүмкін өзгерістерді алдын ала зерттеп, сол болашаққа дайындалу тұрғындар әңгіме өрбітті. Іс-шара барысында білімді, бәсекеге қабілетті және заманауи талаптарға бейім ұрпақ қалыптастырудың маңызы талқыланды. Қатысушыларға білім мен инновацияның болашақ қоғамның дамуына ықпалы, интеллектуалды капиталды қалыптастыру және жастардың жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жолдары туралы айтылды.
– Сіздер – елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші, болашақтың интеллектуалды капиталысыздар. Бүгінгі таңда заман өте жылдам өзгеріп келеді. Сондықтан білім алып қана қоймай, жаңа нәрсені үйренуге, ізденуге және өзіңізді үнемі дамытуға ұмтылыңыздар. Біріншіден, білімге ұмтылыңыздар. «Алтын белгі» иегері атану, диплом алу немесе жұмысқа орналасу – мақсаттың соңы емес, керісінше, үлкен мүмкіндіктерге бастайтын жол. Кітап оқыңыздар, тіл үйреніңіздер, заманауи технологияларды меңгеріңіздер. Білім – ешкім тартып ала алмайтын ең үлкен байлық. Екіншіден, уақытты бағалауымыз қажет. Жастық шақ – қайта келмейтін кезең. Әр күні өзіңіздің жақсы болашағыңызға инвестиция жасауға арнауды әдетке айналдырған дұрыс. Бос уақытты пайдалы іске жұмсап, нақты мақсат қойып үйренген жөн. Сондай-ақ, жақсылықтың бәрі еңбекпен келетініне сенуіміз керек. Басқалар біздің мүмкіндігімізге күмән келтіруі мүмкін, бірақ біз армандарымыздан бас тартпауымыз қажет. Арман мақсатқа, мақсат әрекетке, ал әрекет нәтижеге жеткізеді, – деді «Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы.
Мотивациялық форсайт-лекцияда жасөспірім жастар білім, мақсат, арман және болашаққа деген көзқарастарымен бөлісті. Олар өз ойларын ортаға салып, қатарластарын білім алуға, ізденуге, уақытты тиімді пайдалануға, жаңа дағдыларды меңгеруге және алға нақты мақсат қоюға шақырды.










