Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жартыжылдықты қорытындылады

Жартыжылдықты қорытындылады

Аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов 2021 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша онлайн режимде баспасөз конференциясын өткізді. Оған БАҚ өкілі қатысты.

Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша аудандық сот төрағасы статистикалық мәліметтерге тоқталды. Атап айтқанда, 6 айда 53 қылмыстық іс 72 адамға қатысты қаралып, оның ішінде 25 іс бойынша 43 адамға үкім шығарылған. 15 іс 15 адамға тоқтатылса, 8 іс соттылығы бойынша жолданып, 5 іс прокуратураға кері қайтарылған. Есепті кезеңде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына қатысты 3 жекеше қаулы қабылданған.

– Қылмыстық істер бойынша тағайындалған жаза түрлеріне келер болсақ, есепті кезеңде 2 адамға айыппұл, 3 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Сондай-ақ 23 адамға бас бостандығын шектеу, 4 адамға бас бостандығынан айыру және 11 адамға шартты жаза тағайындалды. Ал аяқталған істердің санаттары бо­йынша онша ауыр емес қылмыс 2, ауырлығы орташа қылмыс 14, ауыр қылмыс санатында 25 іс қаралды. Аяқталған қылмыстық істердің ішінде ең көп қаралған қылмыс санаты ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру 20 іс, мал ұрлығы 3 іс, ұсақ-түйек жымқыру, яғни болмашы мөлшерде жасалған, бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу – 9 тұлғаға қатысты 9 іс қаралды, – деді аудандық сот төрағасы.

Одан бөлек, жартыжылдықта 231 талап арыз және 6 іс түскен, 2020 жылдан қалдық болып 15 іс қалған. Есепті кезеңде барлығы 163 азаматтық іс қаралған, оның ішінде 25 іс бойынша сот бұйрығы, 76 шешім қабылданып, 51 іс өндірістен тоқтатылған. 8 іс қараусыз қалдырылған және 3 іс соттылығы бойынша жолданған. Қаралған азаматтық істер бойынша 3 жеке ұйғарым қабылданған.

2021 жылдың 6 айында аудандық соттың өндірісіне 98 әкімшілік іс түсіпті. Түскен әкімшілік істердің ішінде 98 іс 98 адамға қатысты қаралған. 68 адамға әкімшілік жаза қолданылған және 30 адамға қатысты тоқтатылған. Қаралған әкімшілік істер бойынша 3 жеке қаулы қабылданды.

Сот ашықтығын қамтамасыз ету бағытында «Facebook» әлеуметтік желісіне 60 материал жарияланса, бұқаралық ақпарат құралдарына судьялар мен кеңсе қызметкерлерінің 37 мақаласы шыққан. Сонымен бірге 2 пресс-конференция өткізілсе, 4 дөңгелек үстел, 7 семинар сабағы ұйымдастырылған. Бұл ретте, жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің талаптарын түсіндіру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Сот төрағасы Р.Алдамбергенов өзінің жеке парақшасында яғни «Facebook» әлеуметтік желісінде «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама», «Сот жүйесін жетілдіруге бағытталған құжат», «Татуластыру рәсімі өз нәтижесін беруде», «Неке шарты дегеніміз не?» тақырыбында арнайы жазбалар жариялаған.

2021 жылдың 6 айында татуласу тәртібімен барлығы 30 азаматтық іс және медиаторлардың қатысуымен 21 азаматтық іс, 21 әкімшілік іс, 15 қылмыстық іс аяқталған. Сонымен қатар Билер кеңесінің көмегімен 29 азаматтық іс тоқтатылған. Есепті мерзімде әкімшілік істер 100 пайыз, ал аяқталған 53 қылмыстық істің 42-і электронды нұсқада қаралыпты. Ал «Сот кабинеті» сервисі арқылы 210 талап арыз, 98 әкімшілік іс түскен.
Сот төрағасы қазіргі таңда барлық істер арнайы аудио-бейне жазба арқылы қаралып жатырғанын атап өтті. Жартыжылдық қорытындысын мәлім еткен аудандық сот төрағасы БАҚ өкілінің сұрақтарына жауап берді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
27 шілде 2021 ж. 429 0