Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлескен істе береке бар

Бірлескен істе береке бар

Биылғы қыста Арал аумағына қар өте аз мөлшерде жауды. Көктем мезігілінде де жауын-шашынның түсуі мардымсыз болды. Осындай жағдайлардың әсерінен өңірде қуаңшылық орын алды. Соның салдарынан мал өлімі болды. Бұл жағдайлар мал бағумен айналысатын шаруаларға қиынға соқты.

Мен өзім бірнеше жылдан бері төрт түлік мал өсірумен айналысамын. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдаланып, ерінбей еңбек етудің нәтижесінде қазір жеке шаруашылықтың иесімін. Дәл осындай қиын кезең халықтың басында бірнеше жылдан бері болған жоқ.

Жергілікті билік аудандағы ахуалды дер кезінде назарға алып, қажетті шараларды жүргізді. Шығынға ұшыраған мал басының есебін алып, жем-шөп қорымен қамтамасыз ету жағдайларын қарастыруда. Қиын кезеңді өткеруге ерікті жастардың атсалысып, шөп ору жұмыстарына қатысып жатқанына қуаныштымын. Қазір өзге өңірлердегі азаматтар жан-жақтан біздегі жағдайға алаңдаушылық танытып, шөп орымына қатысып, жем-шөп жіберуге ниетті екендіктерін білдіруде.

12 шілдеден бастап ауданда төтенше жағдай ресми түрде жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төтенше жағдай кезеңінде атқарылатын жұмыстармен танысып шықтым. Енді осы қуаңшылық қиындығын еңсеру үшін зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша қажет ететін елді мекендерде скважиналар қазылып, шаруаларға жем-шөп тасымалдау үшін автокөліктің жанар-жағармай шығынына қолдау көрсетіледі екен. Көршілес аудандар мен облыстардағы шөп орумен айналысатын қожалықтармен келісім жасалып, мал азығы жеткізілетін болады. Бұл жұмыстар халық үшін үлкен көмек болмақ.

Осы шаралардың басы-қасында жүрген азаматтарға іске сәт демекпін. Мал-жанымыз аман болсын!

Ықылас Алпысбаев,
«Ықылас» шаруа қожалығының төрағасы
17 шілде 2021 ж. 364 0