Жұдырық болып жұмылсақ, бұл кезеңді артта қалдырамыз
Сырдария суының сарқылуы өңір халқына оңай тиіп отырған жоқ. Оның салдары қуаңшылыққа ұласып, егін егумен айналысатын шаруалар үшін жағдай қиынға соқты. Ауа температурасының күрт жоғарылап, ылғалдың азаюы Сыр бойы халқын әбігерге салды. Олай дейтініміз, далалық жерде жайқалып тұратын қамыс, шөптердің де шығымы азайды. Оның әсері Арал, Қазалы аудандарында мал азығының болмай, төрт-түліктің қырылуы орын алды. Міне, осындай шақта сырбойылықтар ауызбірлік танытып, солтүстіктегі аудан халқына көмек көрсетуде. Оның ішінде, ауданға қарасты Шіркейлі ауылындағы «Мәді-Қажы» ЖШС игі іске үн қосуда. Осы орайда, шаруашылық директоры С.Сұлтановпен телефон арқылы сұхбаттасқан едік.
– Сейіткамал Абзалұлы, қуаңшылық кезеңінде малды шөппен қамтамасыз ету және егін жұмыстарын бақылау мақсатында облыс әкімі Г.Әбдіқалықова шаруашылық жұмысымен танысып, егінжай басында болды. Аймақ басшысы шаруашылық жұмысын әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға оң баға берген секілді.
– Егін егуде «Мәді-Қажы» ЖШС жыл сайын мол өнім алып, аудан, облыс экономикасының өсуіне үлес қосып келеді. Біз жыл сайын алдымызға нақты меже қойып, соны орындау мақсатында шіркейлілік шаруалар тынымсыз еңбек етуде. Биыл біз 1900 гектар жерге Сырдың басты дақылы саналатын күріш ектік. Шығымы жаман емес. Оны диқандар күтіп-баптап, мол өнім алуға үміттеніп отырмыз. Ерте көктемде судың тапшылығы орын алғанда осы егінге қауіп болды. Өзі күріш дақылы суды көп қажет етеді. Осыған алаңдаулы болдық. Алайда, аймақта шаруалар келісе отырып, кезекпен су ішіп, ерте көктемдегі қиындықты бірлесе еңсердік. Соның нәтижесінде, егініміз жақсы шығып, бүгінде жайқалып тұр.
Жалпы, алдағы жылдары судың жетіспеушілік қаупі бар. Соған орай егістік көлемі де бірте-бірте азайтылуда. Осыны ескеріп, біз шаруашылық жұмысын әртараптандыру бағытын бастап кеттік. Құрылыс материалдарын өндіруді қолға алып, бүгінгі таңда кәсібіміз дөңгеленді. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалар мен халыққа ғимараттар салынуда және жеке тұрғындарда құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Соған байланысты сапалы және қолжетімді бағада облыс жұртшылығын құрылыс заттарымен қамтамасыз етіп келеміз. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында да 500 бастық мал бордақылау алаңын салу қолға алынуда. Алдағы уақытта басқа бағытта да жұмыстарды жандандырып, серіктестікті ілгері дамытуға нақты жоспарларымыз бар. Аймақ басшысы шаруашылық жұмысымен танысқанда осындай тірліктердің атқарылып жатқанына оң баға берді.
– Судың тапшылығы өңірде қуаңшылықтың туындауына әсер еткенін білесіз. Қазір Арал, Қазалы аудандарында қуаңшылық салдарынан мал азығы болмай, төрт-түліктерге тұрғындар жем-шөп тауып бере алмай жатыр. Осындайда ел болып Сыр жұртшылығы көмек көрсетуде. Осы бағыттағы өздеріңіз атсалысып жатқан игілікті істер жөнінде айтып берсеңіз.
– Иә, табиғат тосын мінез танытып, мұның салдары оңай болып тұрған жоқ. Осындай қиыншылық сәтте бірлігі бекем ел ретінде бір-бірімізге әрқашан іс жүзінде шынайы көмек көрсетуге дайынбыз. Серіктестік тарапынан Арыс қаласы, Мақтаарал аудандарына көп көмектер көрсетіп, үлес қостық. Шіркейлі халқы бірігіп, тілектес болып қаржылай, заттай қол ұшын бердік. Ол біздің – азаматтық парызымыз. Бүгінгі таңда елімізде табиғи қуаңшылық болып қиындық тудыруда. Әрине, қандай қиындық болсын бірлессе еңсерілетіні анық. Дана халқымыз «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демей ме?! Сондықтан біз жұдырық болып жұмылсақ, бұл кезеңді де артта қалдырамыз. Міне, осы бағытта Сыр елі, оның ішінде кәсіпкерлер, жастар Арал, Қазалы аудандарына көмек көрсетуде. Мұндай игі іске үн қосуда шіркейлілік шаруалар шет қалған емес. Біз биыл 540 гектар жерге ескі жоңышқа, 200 гектар жерге жаңа жоңышқа ектік. Өздеріңізге белгілі, жоңышқаның бірнеше орымы болады. Соның алғашқыларында біз Арал ауданына көмек көрсетуді ұйғардық. Он тонна күріш қалдығы және бес мың данаға дейін жоңышқа пресс бастырып, оны Аралдағы ағайынға жеткіздік. Қазіргідей жағдайда бұл үлкен көмек деп есептейміз. Егістік алқапта аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы «Бірлік көрсеткен жағдайда ғана бұл кезеңнен шығамыз» деп атап өтті. Сондықтан Арал, Қазалы аудандарындағы жағдайға барлығымыз үн қосып, бір кісідей атсалысуымыз керек. Аудан халқын көршілес аудандарға көмек қолын созуға шақырамын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Е.БЕРКІНБАЕВ