Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ит жақсысы – тазы

Ит жақсысы – тазы

Исі қазақ «Ит жақсысы – тазы» екенін әлімсақтан білген. Сондықтан малшының сенімді серігіне айналған тазыны қолға үйрету ерте заманнан қалыптасқан. Асылында құмай тазының шығу төркінің зерттеген ғалымдар көптеген аңыз-әңгімеге сүйенеді. Мәселен, ақын Сәкен Сейфуллин: «Сары ала қаздың жұмыртқасынан кейде күшік туады екен. Сол құмай болады. Оны Тәңір берейін деген адамға кез қылады» деп мысал келтірген.
Қазақ даласында жыртқыштығымен көзге түскен тазыны текті жануарға балайды. Жазық мекенді меншіктеп алған жеті қазынаның бірін тереңөзектік Берікбол Ешмаханов 43 жылдан бері қолға үйретіп келеді. Әулет мүшелері күні бүгінге дейін мал шаруашығынан қол үзген емес. Ғасыр тоғысында төрт-түлікті төлдетіп, ата кәсіпті жандандыру үстінде. Жүйрік ат, құмай тазы десе делебесі қозатын Берікбол аға тазы біткеннің тектілігіне танданыс білдіреді. Тазыны малшының сәніне балайтын бейнеткеш жан бүгінде 2 тазыны күтіп баптауда. Қыстың күні жылы жерде ұстайды. Сәті келгенде аң аулауға шығатын Берікбол Ұлтанбекұлы жеті қазынаны ұстап қалудың өзін кие санайды.
– Ата-бабамыз ит күтіміне аса мән берген. Жастайымнан мал бағумен айналысып, тазыны жаныма серік еттім. Олар тыным таппай жүгіретін болғандықтан тез қартаяды. Жылы жерден орын беріп, уақытылы тамағын тойдырып отыру керек. Өз басым тықыр тазыны көп ұстадым. Жалбыр тазының да өзіндік ерекшеліктері бар. Соңғы екі тазымды 1-2 жыл көлемінде асырап келемін. Жақында үшінші күшікті әкеліп, қатарына қостым. Көр­шілес ауыл­да Шерім деген жылқышы болатын. Сол кісіден тазы ит алып асырайтынмын. Шын мәнінде, азу тісі ақсиған тазыны көргенде кейбір иттер жанына жоламайды. Ұшаржетер, Сұнқар секілді бірнеше тазымның қанжығасы бос қайтпады. Талай малдың соңында жүріп, қоян, борсық, шие бөрі, түлкі алған кездерін көргенбіз. Әркез тазылардың түрлерін ауыстырып отырамыз. Тазыны жоғалтып алуға болмайды. Киелі жануар кез келген адамға үйреніспейді. Осыған дейін тазыны асырамаған күніміз болмады, – дейді Берікбол Ұлтанбекұлы.
Берікбол ағаның ұлы Мұрат та тазы асыраудың шебері. Өзінің сүйікті тазысымен аңшылықта олжалы қайтқан кездері көп болды. Тазы басқа итке қарағанда ұрылығымен көзге түседі. Текті ит кез келген адамға жақындай бермейді. Оған ешқашан қол көтеруге болмайды. Ол – кекшіл, өкпешіл қалпынан таймайды. Қол көтерген иесіне ұзақ уақытқа дейін жоламайды.
Жарғақ тазы – денесінің тықыр­лығымен ерекшеленеді. Шашақ тазы – құлағы шашақтанып, өзгеше бола­ды. Ал жалбыр тазының денесін қалың түк басады. Тазының басқа иттермен шатыспауын тұмсығы арқылы ажыратады. Негізінен, тазының екі аяғының ұзын болуы еркін қозғалуына мүмкіндік туғызады. Қазіргі уақытта «Қызыл кітапқа» енудің сәл-ақ алдында тұрған құмай тазының адымы ұзын, қимылы ширақ, шабан-шалағай аңды уысынан шығармайтын алғыр екені мәлім. Өте батыл, орасан жүйріктігімен танылған тазыға Орта Азия елдері қызығушылық танытады.
Әр өңірдің орналасу жеріне байла­ныс­­ты тазыны қолға үйрету жолға қойылған. Сондықтан әр өңірде тазы­ның бірнеше түрі кездеседі. 2000-2500 жыл тарихы бар жеті қазынаның бірін жоғалтып алмас үшін бірегей ұлттық мүддені жоғары ұстау керекпіз. Қайткенде текті жануарды көбейтпесек, оның қасиеті туралы келер ұрпақ жазушы Мұхтар Мағауинің кітабынан ғана оқып білмек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

06 шілде 2021 ж. 1 009 0