Екпе қабылдауға шақырамыз
Қауіпті індеттің алқымнан алып, жұртшылықты әбігерге салғанына да екі жылға жуық уақыт таяп қалды. Қазіргі таңда дерт дендемеу үшін денсаулық сақтау саласының мамандары тынбай ізденіп, еңбектеніп, аурудың алдын алатын амалдарды тапты. Соның ең маңыздысы – екпе қабылдау.
Екпе қабылдаудың тиімдігі жөнінде көп айтылып, нақты мысалдар келтірілуде. Ел Президентінен бастап барлық деңгейдегі басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болғандықтан дертке қарсы екпе қабылдап жатыр. Мен де екпенің екі кезеңін қабылдадым және ауылдық округтегі әріптестеріме, тұрғындарға, кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Тұрғындар екпе жөнінде қандай да бір ақпарат алу үшін ауылдық емханаға келіп немесе хабарласып, дәрігерлерден кеңес алуларына болады. Білікті дәрігерлер ауылдың 100-ден астам тұрғынына екпе салды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, біздің елге келетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатымен, рұқсаттарымен келеді. Әрбір келген вакцина бірнеше айдан бастап, бірнеше жылдар бойы зерттеліп, оның қауіпсіздігі тексеріледі. Мұндай мүмкіндік кез келген елде жоқ. Жалпы екпе салғаннан кейін ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады екен. Қорғану антиденелерінің нәтижесінен адамның дене қызуы көтеріліп, ине салған жері қызаруы мүмкін. Осы кезеңде мұздай суға жуынбау керек, яғни жылы жүріп, мұқият күтінген абзал. Сонда ғана денсаулығымыз нығая түседі.
Екпеге қатысты алып-қашпа әңгімелер көп. Олар дәлелденбеген, негізсіз ақпараттар. Мысалы, «екпенің екі кезеңін қабылдағаннан кейін бетперде тақпай жүре беруге болады екен» деген жаңсақ пікір бар. Әркімнің денсаулығы өзі үшін ғана емес, өзгелер үшін де маңызды. Сондықтан екпенің екі кезеңін алсақ та карантин талаптарын сақтап, бетперде тағып, арақашықтықты ұстап, той-жиындарды шектегеніміз дұрыс. Себебі, «сақтансаң, сақтармын» деп бекер айтылмаған. Осы ретте, ауыл тұрғындарын, әсіресе халықпен, көпшілікпен жұмыс істейтін азаматтарды арудан сақтану үшін екпе қабылдауға шақырамын.
Бауыржан ЕРМАҒАНБЕТОВ,
Аманкелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы