Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Індеттің екпінін екпе тежейді

Індеттің екпінін екпе тежейді

Қауіпті індеттің әбігерге салып, өмір сүру салтымызды өзгерткені рас. Мамандар жұқпалы аурудың алдын алудың ең тиімді жолы екпе қабылдау екенін айтып, күн сайын дабыл қағуда. Сондықтан екпенің екі кезеңін де қабылдап, денсау­лығымызға жауапкершілікпен қа­ра­­уы­мыз қажет.

Екпенің тиімділігін түсіну мен түйсіну де білімді, мәдениетті талап етеді. Кейбір тұрғындар «екпе денсаулыққа зиян екен» деген жаңсақ пікірге сүйеніп, алып-қашпа әңгіменің жетегінде жүр. Бұл әсте дұрыс емес. Халқымызда «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген тәмсіл бар. Сол секілді әркімнің айтқанына емес, медицина саласының білікті мамандарының пі­кіріне құлақ асуымыз керек. Түптеп келгенде, әркім өз денсаулығына өзі жа­уап­кершілікпен танытқаны дұрыс.

Дәрігерлер қауіпті індетпен күресте аянбай еңбек етуде. Олар екпенің тиім­ділігін, екпе қабылдағаннан кейінгі кү­тім жөнінде кеңінен түсіндіруде. Бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы орган да өз үлесін қосып, жиналыстарда, басқосуларда насихаттап келеміз. Жа­қында ғана Премьер-министр А.Мамин Үкімет отырысында бірқатар маңызды са­ланың қызметкерлеріне екпе қабылдау міндеттелуі мүмкін екенін айтты. Бұл ін­деттің алдын алу үшін қабылданғалы отыр­ған шара. Сондықтан мұны тү­сі­ніс­тік­пен қа­былдауға тиістіміз.

Жақында Ұлы Отан соғысының ар­дагері, ауданның Құрметті азаматы Яхия Тасыровтың аудан халқына арналған видео үндеуі жарияланды. Ардагер бұған дейін де жұқпалы аурулардың барлығы тұрғындардың жаппай екпе қабылдауы арқылы тоқтатылғанын атап өтті. Көп өмір сүрген, өмірлік тәжірибесі мол майдангер бұл пікірді бекерден-бекер айтқан жоқ. Аудан тұрғындары індеттің екпінін екпе тежейтінін қаперде ұстағаны жөн.

Өмірбек Тоқпамбетов,
Жетікөл ауылының әкімі
03 шілде 2021 ж. 270 0