Үлгілі таратушы
Күннің ыстығы мен суығына қарамай пошташының сөмкесін иығына асынып, оқырман қауымның игілігі үшін жан аямайтын таратушылар – редакция жұмысының маңызды әрі жауапты бөлігі.
Аудан айнасының халыққа уақытылы жетуін қамтамасыз етіп, оқырманын мезетінде газетпен қауыштыратын жауапты қызмет иесі Әлия Жұртшыбаеваның «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аудандық газетте қызмет етіп жүргеніне төрт жыл болған.
1980 жылдың тумасы Әлия Бесарық ауылы тұрғындарына аптаның үш күнінде газет таратады.
– Бесарық ауылында барлығы 179 үйге газет таратамын. Арнайы көлікпен жеткен 300 газетті аптасына үш мәрте оқырманға кешіктірмей үлестіріп отырамын. Ауа-райының қолайсыздығына қарап, жүктің ауырлығын сылтау етіп мүдіруге болмайды. Әсіресе, басым көпшілігі «Тіршілік тынысына» жазылған ауыл тұрғындары газет келетін күнді асыға күтеді, – дейді Ә.Жұртшыбаева.
Аудан орталығындағы жаңалықтан уақытында хабар алуға ықпал етіп, газетті кешіктірмей әкелетін Әлияға ауыл тұрғындары да дән риза.
– Газетті кешіктіру, жұмысына жауапсыздық таныту деген Әлияға мүлде жат. Арқасына ауыр сөмкесін арқалап, бүкіл ауылды аралап шығатын таратушының қызметі қауырт. Сондай-ақ үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді «Сыр медиа» ЖШС-не қарасты бес газетке жазылған отбасының отағасы, Бесарық ауылының тұрғыны, зейнеткер Ж.Әубәкіров.
Әлия бұл күнде отбасылы. 19 жыл отасқан жары Әлиасқар екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ