Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Газет таратушы – Әлия

Газет таратушы – Әлия

Әлем елдерінде аталып өтілетін мерекенің тарихы 1874 жылдан басталады. Ресми түрде атаулы күнді бекіту туралы шешім 1969 жылы Жапонияда өткен дүниежүзілік пошта одағы конгресінде жарияланған. Пошта күні мерекесі Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық күндерінің тізіліміне енгізілгені тарихтан белгілі.
Қай заманда да пошта қызметі сұранысқа ие болған. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен тиісті мекен жайға хат-хабар таратуды тоқтатпаған қызмет қашанда қайнаған тіршіліктің ордасы саналады. Пош­та қызметі уақыт өте келе өз аясын одан са­йын кеңейтіп, газет-журнал таратумен қатар екінші деңгейлі банкке айналып, соңғы технологияны батыл енгізген сала болды. Қазір пошташылар күн сайын ел-халыққа мерзімді баспасөз таратып, жұртшылықтың ризашылығына бөленуде.
Аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газеті «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылған жылдардан бастап мерзімді баспасөзді заманауи талапқа сай жаңа дизайнмен шығара бас­тады. Шығармашылық ізденістің аясы кеңейіп, оқырмандарға ақпарат ұсынуда түрлі форматты пайдаланып келеді. Серіктестік осыдан бірнеше жыл бұрын тарату қызметін қолға алып, өз таратушыларын жұмысқа қосқаны белгілі.
Ауданда ауылдық округ бойынша жергілікті баспасөзді дер кезінде оқырмандарға жеткізуде еңбек етіп келе жатқан таратушылардың бірі – Әлия Смайлова. Әлия апайдың тарату қызметінде тәжірибесі мол маман. Ауданнан шалғайда жатқан Айдарлы елді мекеніне келін болып түскен жылдары жолдасы Айдарбекке көмекші шопан болып еңбек етеді. Сонан соң совхоз тараған жылдары ауылдық поштада хат тасушы болып, осы саланың қыр-сырын меңгереді. Міне бірнеше жылдық жұмыс өтілі бар таратушы соңғы төрт жылдан бері аудандық газетке таратушы болып еңбек жолын жалғастыруда.
– Бұрындары аптаның бес күнінде газет-жорнал келетін. Үш жүздің үстінде газет таратамыз. Қазір серіктестікке қарасты газетті аптасына екі мәрте 200-дей отбасына 240 дана жуық газет таратамын. Жалпы ауыл халқы облыстық «Сыр бойы» газеті мен ауданның «Тіршілік тынысы» газетін асыға күтіп отырады. Газет келген күні оқырмандарға уақытылы, дер кезінде жеткізуге тырысамын. Ауа-райының қолайсыз күндеріне қарамастан қызметімді атқарып, тұрғындардың ризашылығына бөленіп келемін, – дейді таратушы Ә.Смайлова.
Екі мыңға жуық халқы бар Айдарлы ауылында үш жүздің үстінде отбасы тұрады. Бір отбасынан «Сыр медиа» ЖШС-не қарасты төрт бірдей газетті жаздырып алатын отбасылар бар екендігіне ерекше тоқталғымыз келеді. Ондай азаматтардың қатарында ауылдық мектептің мұғалімдері Базарбек Накипов пен Жұлдызай Накипованы ерекше атауға болады. Көзі қарақты оқырмандарымыздың баспасөзге жазылу науқанына айтарлықтай үлес қосып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Алдағы науқанда үлгілі оқырмандарымыздың қатары көбейіп жатса нұр үстіне нұр болар еді.
– Редакция жанынан ашылған тарату қызметінде алғашқы күннен бастап жұмыс істеп келе жатқан таратушы Әлияның еңбегі мақтауға лайық. Себебі жұмысына жауапты, өте ұқыпты маманның атына ауылдастары осы күнге дейін тек қана жылы лебіз айтады. Қазіргі кезде айдарлы ауылына «Тіршілік тынысы» газетінен 109 дана, «Сыр бойы» газетінен 82 дана, «Кызылординские вес­тиден» 27 дана және «Ақмешіт жастарынан» 20 дана барады. Осы басылымдарды уақытылы таратып отырған таратушымыздың еңбегі адал. Әрине Әлия да оқырмандарымыздың артуына атсалысып келеді. Сондықтан еңбегінің жемісін көре берсін демекпін, – дейді редакцияның баспасөз маманы Роза Тұрғанбекова.
Айтса айтқандай, газетін уақытылы алатын ауыл халқы шалғайда орналасқанына қарамастан аудан орталығынан жететін басылымды дер кезінде алып оқиды. Бұл тарату қызметінің жақсы жүйеге түскенін білдіреді.

Б.Жанәлі
06 қазан 2020 ж. 359 0