Түсінбеушілік туындамас үшін...
2021 жылдың екінші жартыжылдығына жергілікті газетке жазылу науқаны жүріп жатыр. Көзі қарақты оқырман науқан басталған сәттен аудан жаңалықтарынан үнемі хабардар болып отыру үшін алдағы алты айлыққа аудандық басылымға жазылуда. Осы тұста, қасиетті Рамазан айында игілікті іс жасап, редакцияда үрдіске айналған ардагерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға газет жазып беруге жанашыр жандар ұйытқы болуда.
Игілікті іске үн қосқандардың қатарында аудандық газетті басқарып, басылымның дамуына үлес қосқан Абызбай Маханбетов ұрпақтары бар. Жақында «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», абыз аға атанған өнегелі өмір иесі Абызбай Маханбетовтің ұлы Ғалым Абызбаев хабарласып, 8 ардагерге аудандық басылымды жаздырып берді.
– Әкеміздің қолтаңбасы қалған газет бізге әркез ыстық. Бұл құтханада әкеміздің маңдай тері сіңді. Осы жергілікті басылым арқылы ауданның тыныс-тіршілігімен танысып отырамыз. Редакцияның ардагерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға газет жазып беруін қолдап, Абызбай Маханбетовтың 8 баласының атынан 8 ардагерді газетке жазып беруді ұйғардық. Аудандық редакция ұжымына шығармашылық табыс пен халық алғысын тілеймін, – дейді Ғ.Абызбаев.
Абыз аға атанған қарымды қаламгер ұрпақтарының мұндай жақсы ісі әкеге деген құрметі мен редакцияға зор қолдауы деп білеміз.
Сондай-ақ газеттің тұрақты оқырманы Жадыра Бағдатова да басылымға қолдау білдіріп, өзінің отбасының атынан 7 ардагердің мекен жайына аудандық газетті жаздырды. Осындай газет жанашырларына ризашылығымызды білдіреміз.
Газет жаздырып берудегі ізгілікті істі атай отырып, басылымды таратудағы бірер мәселені қозғап өтсек. Жалпы, газет тарату жұмысы оңай емес екені белгілі. Күні бойы өзіне белгіленген көшелерді аралап, үйді-үйге басылымды жеткізудің өзі шыдамдылықты қажет ететін жұмыс. Оның үстіне, әр үйден үріп иттер шығатынын ескерсек, бұл жұмыстың қауіптілігі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда, кейбір үйлердегі газет жәшіктерінің жоқтығы таратушылар жұмысына кері әсерін тигізуде. Жаңбырлы күні газет ылғал болса, желді күні ұшып кетіп жатады. Содан оқырман «газет келмеді» деп редакцияға қоңырау шалады. Ал таратушылар «уақытында жеткіздік» дейді. Сөйтіп, баспасөзге арнаулы жәшіктің болмағанынан түсінбеушілік туындап жатады.
Мәселен, газет таратушы Жанар Ізбасқанова аудан орталығындағы 13 көше мен мекемелерге газет таратады. Аталған 13 көшеде 239 тұрғын үй бар екен. Осылардың ішінде небәрі 40 тұрғын үйде ғана газет жәшігі орнатылыпты. Яғни әрбір көшеде 6-7 газет жәшігі бар деген сөз. Газет таратушының айтуынша, бұл газетті уақытылы таратуға кедергі келтіреді, сондай-ақ тұрғындар тарапынан түсінбеушіліктің туындауына себепші болады. Сондықтан әрбір тұрғын көше бетке газет жәшігін орнатып қойса игі дейміз. Жәшік орнатылса, түсінбеушілік туындамас еді. Оған қоса, оқырман газетті таза күйінде оқиды, таратушыларға да ыңғайлы болатыны анық. Әйтпесе, газет таратушы әр үйге жеткізуде көп уақыт жоғалтса, басылымды тез, уақытылы таратуға кедергі болары сөзсіз.
Сондай-ақ кейбір тұрғындар тұрғылықты мекен-жайын ауыстырғанда оны редакцияның тарату бөліміне ескерткені де абзал. Өйткені, газет таратушылары оқырман жазылғандағы мекен-жайға үнемі апарып жүреді де, кейіннен тұрғындар тұрғылықты жері ауысып кеткенін, газеттер келмей жатқанын айтып, жұмысты жоққа шығарады. Оқырман сұранысын қамтамасыз ету үшін тексеріп қарағанда, мекен-жайын ауыстырып, оны ескертпегені анықталып жатады. Сол себепті мұны да тұрғындар назарда ұстағаны жөн. Айтайын дегенім, түсінбеушілік туындамас үшін әрбір үйде газет жәшігі болған абзал.
Ердос БЕРКІНБАЕВ