Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүректі полицей

Жүректі полицей

Қылмыскерді құрықтауда ерекше қырағы­лық қажет. Осындай қасиетті бойына сі­ңірген Руслан Әптіқанов қылмыс жасаған­дарды жауапкершілікке тарту тұрғысында ты­нымсыз еңбек етуде. Тәртіп сақшысы сегіз жылдың көлемінде аудандық полиция бө­лімінің криминалды полиция бөлім­шесін­де аға жедел уәкіл қызметін абыроймен ат­қарып келеді.

Полиция майоры Р.Әптіқанов – әке жолын жалғаған ұл. Оның әкесі Тұрабек отыз жылға жуық құқық қорғау саласында жемісті қызмет еткен. Тұрабек Әптіқанов жұбайы Зейнеш Айдарбековамен 5 ұл-қызды тәрбиелеп, өсірді. Олардың кенжесі Руслан балғын шақтан әкесінің фурашкасын киіп, тәртіп сақшысы болуға талпынған.

Бала кездегі арманы орындалған Руслан Тұрабекұлының құқық қорғау саласындағы қызметі 2009 жылы басталған. Ал оның алдында ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде Застава старшинасы болып әскери салада жұмыс істеді. Әскери өмірге төселген азамат ауданға келіп, учаскелік полиция қызметінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Күндіз-түні адамдардың тіршілігі бітпейтіні рас. Тәулік бойына аудан орталығында тәртіптің сақталуына ұйытқы болып, өзінің қырағылығын көрсетті. Соның нәтижесінде, 2013 жылдан бері криминалды полиция бөлімшесінде қылмыскерлерді құрықтауға жауапкершілікпен қызмет етіп жүр.

– Біздің негізгі міндетімізге кез келген қылмыстың ізін суытпай ашу кіреді. Осы мақсатта тәуліктің кез келген уақытында, уақытпен санаспай қызмет етеміз. Өйткені, аудан төңірегінде мал ұрлығы, есірткі қылмысы, үй тонау фактілері көптеп кез­деседі. Осы қылмыстарды жасаған қылмыскерлерді жедел анық­тауымыз қажет. Бұл ретте, қырағылық қасиет аса қажет, – дейді полиция майоры.
Р.Әптіқанов қылмыскерлерді анықтап, ұстауда жүректілік те қажет дейді. Оның бойынан мұндай қасиет табылады. Олай дейтініміз, ауданға қарасты «Домостроитель» саяжайында екі азамат бір-бірімен жанжалдасып, біреуі екіншісін мерт қылған. Сол кезде қылмыс жасаған адам бір қолына мылтық, екінші қолын пышақ ұстап, сарайына тығылыпты. Оқиға орнына жедел тергеу тобымен бірге полиция майоры да жеткен. Ол қарулы қылмыскерге бетпе-бет барып, жүректілік танытқан. Қылмыскерді құрықтап, тиісті жұмыстар атқарылған. Міне, мұндай жүректілікті тек жүректі полицейлерден ғана күтуге болады.

Құқық қорғау саласындағы тынымсыз еңбегі үшін Руслан Тұрабекұлы көптеген марапатқа ие болуда. Қазіргі таңда Құдай қосқан жары Ақмарал Іскендіровамен 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеуде.

«Генерал болуды армандамайтын сарбаз – сарбаз емес» дегендей, қызмет жолында Р.Әптіқанов жауапкершілік танытып, жұлдыздарды иығына тағып келеді. Ел тыныштығы жолында осылай мінсіз қызмет ете берсе, погондағы жұлдыздар үлкейе береді. Кәсіби мерекеде біздің тілегіміз де сол.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ 
22 маусым 2021 ж. 371 0