Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызметіне адал капитан

Қызметіне адал капитан

Мектеп қабырғасында жүрген барлық бозбала сымдай тартылған, патриоттық рухты бәрінен биік қоятын, елін, жерін қорғайтын нағыз әскери адам немесе тәртіп сақшысы болуды армандайды. Бұл бір жағынан ер баланың жаны нәзік қыз баладан ерекшелігі болса, екіншіден ер азаматтың қанына ана сүтімен даритын қасиет. Дегенмен мұндай мақсатқа қол жеткізу екінің біріне бұйыра бермейді. Себебі табандылық пен тәртіпке, бұйрыққа бағыну алдыңғы кезекке шыққанда оған мойынсұнып, шыдамдылық танытатындар ғана ел сақшысы бола алады.

Қыдырбек Көшекбаев полиция қызметіне келуді өзі туып өскен Жалағаш ауданы Мәдениет ауылындағы мектепте оқып жүргенде армандады. Ауыл мектебінен түлеп ұшқан жас жігіт алдымен Алматыдағы заң колледжінің Қызылорда филиалына оқуға түсіп, заңгер мамандығын алды. Сонан соң Отан алдындағы борышын Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімде өтеді. Бір жыл бойы әскери тәртіпті бойына сіңірген азамат өз болашағын құқық қорғау саласымен байланыстыруға белді бекем буды. Бала кездегі арманы орындалып, әскерден келген Қыдырбек аудандағы жылжымалы полиция пунктінің полицейі болып алғашқы еңбек жолын бастады. Ол қиындығы жауапкершіліктен де зор қызметті мінсіз атқаруға алдына жан салмады. Осы қызметті бірнеше жыл атқарып, басшылықтың бұйырығымен Қыдырбек Алтынбекұлы Шіркейлі ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайындалды.

Учаскелік инспектор жаңа қызметке тағайындалысымен барынша қырағылық танытып, ауылдық жермен жіті танысып, ауыл халқымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Тұрғындар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда, оны болдырмауда тыңғылықты қызмет атқарды. Шіркейлі ауылында учаскелік полиция инспекторы қызметінен біраз тәжірибе жинақтаған Қыдырбек құқық қорғау саласының жол патрульдік полиция тобының аға инспекторы болып жаңа қызметке ауыстырылды. Аға инс­пектор жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бес жыл бойы абыройлы қызмет етті.

Полиция қызметінде жүрген Қыдырбек Көшекбаев «Болашақ» университетінен жоғарғы білім алды. Жоғарғы білімді заңгер соңғы екі жылдан бері аудандағы Амангелді ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайын­далды. Қала іргесінде орналасқан шағын ауыл халқының мазасын кетірген мал ұрлығы қылмысын ашуда қызметіне адал полиция капитанының мол тәжірибесі іске асты. Нәтижесінде өткен жылдың өзінде мал ұрлығына қатысты 8 қылмыс әшкереленсе, биылғы жылы 6 қылмыстың ізін суытпай ашқаны оның саладағы жетістігі.

– Учаскелік полиция инспекторына жүктелген міндетті мінсіз атқарып, қылмыстың дер кезінде ашылуына қызмет етіп келемін. Бұл үшін ауыл тұрғындарының да көмегі көп. Ауыл шағын болғанымен, сыртта жайылып жүрген малға еге жоқ. Сондықтан әбден дәніккен ұрылар иесіз малға қырғидай тиеді. Ауыл әкімімен, ауыл ақсақалдарымен пада ұйымдастыру туралы бірнеше рет жиын өтті. Бұрынғының әдісі – паданы қайта жаңғыртуды қолға алсақ, мал ұрлығы да тыйылар еді, – дейді полиция капитаны Қ.Көшекбаев.

Шын мәнінде бір ғана ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның өзекті мәселесіне айналған мал ұрлығын тыю – пада ұйымдастыруымен шешімін табады. Тіпті соңғы кездері өрістен емес, мал қорасынан адал малынан айырылып қалып жатқандар да жоқ емес. «Ұры алыстан келмейді» дегендей осындайда тұрғындардың сақ болуы қажет. Малға иелік етіп, көшеге бей-берекет жібермей, оның ұры-қарының қолына кетіп қалмауына өздері жауапты болғаны абзал.

Ел тыныштығының сақшысы, тәуліктің кез келген уақытында адал қызмет етуге серт берген полиция қызметкері Қыдырбек – отбасында екі бірдей баланың әкесі. Кім біледі, бүлдіршіндер де өскенде әке жолын қуып, елінің нағыз патриот азаматы болуы бек мүмкін. Өйткені күндіз-түні ауыл халқымен бірге жүретін учаскелік полиция инспекторы Қыдырбек Көшекбаевтың қызметі әріптестері арасында құрметке ие болса, ауыл халқы да ризашылық білдіруде. Полиция қызметкерін төл мерекесімен құттықтап, қызметіне абырой тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
23 маусым 2020 ж. 1 485 1

Nurlan от 23 маусым 2020 22:09
Кәсіби мереке құтты болсын. Жақсы материал екен.