Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырағылық қасиет тән

Қырағылық қасиет тән

Әлемде өршіп тұрған қылмыс­тың алдыңғы қатарында есірткі қылмысы тұр. бұл қылмыс терроризм, экс­­тре­мизмнің кең қанат жаюы­на мүм­кіндік беріп отыр. Осы­ның салдарынан адамзат бала­сы­ның тағдырына балта шабылуда. Ал онымен кү­рес­те құқық қорғау органдары жан-жақты жұ­мыс істеуде. Оның ішін­де атал­ған қылмысты жасаған қылмыскерлерді құрықтауда полиция қызметкерлерінің үлесі зор.

Есірткі қылмысын анықтауда ерекше қырағылық қажет. Адам ағзасын улап, нашақор ететін зиянды өсімдікті өсіріп, одан пайда табатын қылмыскерлерді құрықтау да оңай жұмыс емес. Міне осы салада қызмет етіп жүрген есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Дулат Сағатбекұлы Алиев ерекше қырағылық танытып келеді. Ол аудан төңірегіндегі есірткі алқаптарын анықтап, қылмыс жасағандарды жауапкершілікке тарту тұрғысында тынымсыз еңбек етуде.

Полиция аға лейтенантының құқық қорғау саласындағы қызметі 2005 жылы басталған. Алғашқыда облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі ретінде сап түзеді. Күні-түні қауіпсіздікті сақтауда аяққа тұрып, тыныштықты қамтамасыз ету – оған жүктелген міндет. Бұл салада шыдамдылық пен төзімділік серік екенін білетін полицей күзет қызметінде шыңдалады. Басты ұстаным – тәртіп болған соң сол қағиданы ұстанып, мінсіз қызмет жолында тәжірибе жинақтайды.

Полиция қызметінде қылмысты зерттеу жұмыстары қателікті кешірмейді. Осыны білетін құқық қорғаушы полиция саласының ішінде іздестіру жұмыстарына бейімделеді. Сол мақсатта 2013 жылы аудандық полиция бөлімінің кинология қызмет тобының кіші инспектор кинологі қызметіне келеді. Содан бастап қылмыскерлерді іздестіру шарасына қатысып, қылмыс жасағандарды ізін суытпай табуда белсене жұмыс істейді. Бұл қызметтің де өзіндік қиындығы бар. Кинолог болғаннан кейін жедел іздестіру шараларына итпен шығады. Олардың бабын келтіру де, іздестіру барысында шұғыл әрекет жасау да ерекше жауапкершілікті талап етеді. Міне осындай жауапкершілігі мол қызметте үш жыл жүріп, одан кейін бөлімнің ақпараттық аналитика тобына аға инспекторлық қызметке ауысады.

Д.Алиев – жедел іздестіру жұмысының тәжірибелі маманы. Сондықтан ол 2018 жылдан бастап ауыр қылмыс түріне жататын есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі ретінде тағайындалады. Осы салаға келгеннен бас­тап аудандағы есірткімен айналысатын қылмыскерлерді құрықтауда қарқынды жұмыс істейді. Нәтижесінде 2019 жылы есірткі алқабын егуге қатысты тіркелген 11 қылмыстың 9-ы ашылды. Қылмыскерлер жауапкершілікке тартылды.

– Биылғы жылдың есепті мерзімінде есірткі алқабын егуге қатысты 1 қылмыс және заңсыз сақтау, тасымалдаудың 4 қылмысы тіркелді. Осыған қатысты барлық азаматқа жауапкершілік қаралды. Жалпы біз «Көкнәр», «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шаралары аясында, сондай-ақ жұмыс барысында іздестіру жұмыстарын жүргіземіз. Әсіресе көктем-жаз мезгілдерінде есірткі қылмысына қарсы күрес қарқынды жүргізіледі. Ал есіркі алқаптары анықталған жағдайда оны жойып, заң бұзғандар жауапкершілікке тартылады, – дейді полиция аға лейтенанты.
Биыл Дулат Алиевтің полиция қызметі саласында жүргеніне 15 жыл толған. Осы уақыт аралығында ел тыныштығын қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қызметі үшін «Қазақстан Полициясының 20 жылдығы», «Қылмыстық іздестіру саласына 100 жыл», «Мінсіз қызметі үшін» 10, 15 жылдық мерекелік медальдармен және көптеген алғыс хаттармен марапатталған. Бұл қырағы полицейге берілген лайықты марапаттар.

«Генерал болуды армандамайтын сарбаз – сарбаз емес» дегендей, қызмет жолында Дулат Сағатбекұлы жауапкершілік танытып, жұлдыздарды иығына тағып келеді. Ел тыныштығы жолында осылай мінсіз қызмет ете берсе, погондағы жұлдыздар үлкейе береді. Кәсіби мерекеде біздің тілегіміз де сол.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 

23 маусым 2020 ж. 840 0