Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттің негізі – адалдықта

Мемлекеттің негізі – адалдықта

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай С.Сейфуллин ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, «Күміс алқа» иегері Айнұр Раимовамен сұхбат құрған едік.

– Айнұр Рахымбердіқызы, алдымен өзіңіз жай­лы айтып өтсеңіз?

– Жергілікті ақын М.Сақтапов жырлағандай, «Терең жатқан жер төсі, Сырдың сұлу еркесі» атанған киелі құт мекен Тереңөзектің тумасымын. 1978 жылы осы жерде дүниеге келіп, балалық балдәуренім аудан орталығында өтті. №36 Жданов атындағы орта мектепте 11 жыл білім алдым. Кейін колледж, институтта білімімді толықтырдым. Әкем Рахым Садықұлы аудан орталығында мұғалім, азаматтық қорғаныс штабы­ның басшысы, сондай-ақ мұнай саласында қызметте болған. Анам Құралай Әбілқайы­ро­ва қаржы бөлімінде, «Халық банкінде», зей­нетақы төлеу орталығында басшы­лық қыз­метті атқарды. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр.

– Еңбек жолыңыз қалай басталды? Мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз?

– Еңбек жолымды 2000 жылы бастадым. Содан бері шаруашылықта, №137 мектепте, білім бөлімінде есепші болып жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Қазір С.Сейфуллин ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маман-есепшісімін. Жалпы, еңбек өтілім 21 жылды құраса, оның ішінде 11 жыл мемлекеттік қызметтемін.

– Мемлекеттік қызметші болудың қы­зығы мен қиындығы қандай?

– Қай жұмыстың да өзіндік қиындығы болады. Қызығы да қатар жүреді. Мемлекеттік қызметші халық үшін деп жұмыс жасауға тиіс. Қағазбастылық пен қарбаластан кейде отбасымызға уақыт таппай қалып жатамыз. Дегенмен, ұжымның ауызбіршілігі мен жақын­дарымның қолдауы ұдайы қанаттандырады.

– Жаңа қоғамдағы мемлекеттік қыз­метшіге қойылатын талаптар қан­дай? Ол қандай болуы тиіс?

– Ең алдымен, патриоттық сезімнің болуы. Бұл тек мемлекеттік қызметтегілерге қойылатын талап емес, «елім, халқым» деген жұмыр жүрек әр адамның кеудесінде дүрсілдеп тұруы тиіс. Одан кейін адалдық керек. Мемлекеттің негізі – адалдықта. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – жемқорлық. Онымен күрес тоқтаусыз жүргізіліп жатқанына қарамастан, қоғамда күн тәртібіндегі мәселелер қатарынан түспей отыр. Бұл негізгі талаптар. Одан кейін адамның өзіне байланыс­ты, төзімділік, еңбекқорлық сияқты қасиеттер мемлекеттік қызметшінің бойында міндетті түр­де болуы керек деп ойлаймын.

– Бақытты қала (мемлекет) құру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Мемлекет қай кезде бақытты болады? Онда өмір сүріп жатқан адамдар бақытты бол­ғанда. Менің ойымша, осылай. Ең алдымен, тұрғындарға жайлы, жеткілікті дәрежеде жағдай жасалса, ондай қоғамдағы адам да бақытты. Ешқандай құқықбұзшылықтар мен адалдықтан аттау болмаса, мемлекет пен халық бір толқында болса, меніңше, сонда ол елді толық «бақытты мемлекет» деп тануға негіз бар.

– Отбасыңызға оралсақ. Әйел адамға мемлекеттік қызметті отбасымен қатар алып жүру қиын емес пе?

– Өзім Тереңөзектің тумасымын, 2000 жылы С.Сейфуллин ауылына тұрмысқа шыққанмын. Бүгінде жолдасым, 4 қызым, 2 ұлым бар, «Күміс алқа» иегерімін. Балаларымның барлығы оқуда озат, үлкенім еліміздің жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі Қ.Сәтбаев атындағы университетте оқиды.

Әрине, жұмысты кішкентайлармен қатар алып жүру қиындық туғызатын кездер болады. Мұндайда жолдасым ұдайы қолдау танытады. Ата-енем де осы ауылда беделді қызметте болған. Балаларымды өсіріп, жеткізуде, алаңсыз жұмыс жасауыма осы кісілердің ықпалы зор болды. Қазір екеуі де дүниеден өтіп кетті.

Жалпы, статистикалық мәліметтерге сүйен­сек, мемлекеттік қызметте ер адамдарға қа­ра­ғанда әйелдердің үлесі басым. «Әйелдің қырық жаны бар» деген, Алланың берген күш-қуатымен бәріне үлгереміз.

– Бос уақытыңыз болса немен айналысасыз?

– Кез келген адам ұдайы дамуы керек. Бос уақытты өзімді дамытуға, жаңа нәрселер үйренуге, отбасыма, балаларыма арнаймын. Адамдарда қазір арнайы бос уақыт деген болмайтын шығар... Қарбалас тіршіліктен қолым қалт еткенде, түрлі тәттілер пісіріп, өзіме де, жанұяма да қуаныш сыйлағым келеді.

– Қызмет бабындағы марапат­та­ры­ңыз және алдағы жоспарла­ры­ңыз­бен бөліс­сеңіз.

– Түрлі мерекелерге орай арнайы «Алғыс хаттармен» марапатталдым. Атап айтар болсам, 2016 жылы аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың құттықтауына, 2019 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы А.Мұхимовтың арнайы «Алғыс хатына» ие болдым. Марапат деген жасаған еңбегіңнің нәтижесі, оның үкімет тарапынан елеп-ескерілгені ғой.

Жоспар көп. Жұмыс қызу. Алла сәтін салса, барлығы өз арнасымен іске аса береді.

– Қарбалас қызметтің арасында уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рақмет! Қызметіңізге табыс, ісіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
­
22 маусым 2021 ж. 396 0