Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларым – бақытым

Балаларым – бақытым

Бүгінде барлық мектепте соңғы қоңырау соғылып, балалар жазғы демалысқа шықты. Балалардың жазғы демалысын, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ата-аналар түрлі үйірмелерге береді немесе тағылымға толы кітап оқуға баулиды. Бұл ретте, балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы, доцент Рахат Наурызбаеваның балаларға арналған өлеңдер топтамасын ұсынамыз.

АҚ БАТАМДЫ АЛ, БАЛАМ

Ақ батамды ал, балам,
Айғада ұшып бар, балам!
Апаң көріп қуаңсын,
Наурызда ек тал, балам!

Ақ батамды ал, бала
Шоқтай болып жан, бала!
Түзу болсын жүрісің,
Мығым болсын өрісің.

Атаңның бұлағы бол,
Әжеңнің құрағы бол,
Анаңның шырағы бол,
Көкеңнің пырағы бол!

Халқыңның күні бол,
Сайраған үні бол,
Толқытар тілі бол,
Арудың бірі бол!

Әжеңнің нұр қызы бол,
Анаңның жұлдызы бол.
Көкеңнің құндызы бол!
Еліңнің ұл-қызы бол!

Қолыңды жай, бала,
Мінгенің құлын, тай бала.
Жолың міне ашылды,
Тойыңа шашу шашылды.

ҚАЗАҚСТАНЫМ

Жазда жайлауға
Асыға барамыз.
Бұлақтың суына
Сіміре қанамыз.

Жайлаудың жайқалған
Жап-жасыл шалғыны.
Жорғасы майталман
Шабысы арынды.

Тауға да шығамыз,
Көз жетпес көкжиек.
Кеңдікті ұғамыз.
Тұрамыз ой түйіп.

Бабалар қалдырған,
Мұраға иеміз
Намысқа қандырған,
Отанды сүйеміз.

Қазақстан-елім
Ұлан-байтақ жерім.
Тәрбиелеп өсірер,
Өр тұлғалы ерін.

ДАНА ҚАЗАҚ

Жазда ауылға қыдырып,
Келді қала баласы.
Шүлдірлеген сөздерін,
Тыңдасаң таң қаласың.

Атам айтты – бала қазақ,
Әжем айтты – шала қазақ.
Інім басын шайқап-шайқап
Білдім, білдім: «жаңа қазақ».

Болсақ та ауыл баласы,
Орыс тілін білеміз.
Білмеген боп қонақтың
Сөздеріне күлеміз.
Бізбен бірге ойнады,
Бізбен бірге тойлады.
Тіл құнарын сезініп,
Үйренуді ойлады.

Енді, міне, бала қазақ,
Болды жазда таза қазақ.
Қандай қиын-қыстауда да,
Тілін білген дана қазақ.

ТАМШЫ АЙНАЛАР ТЕҢІЗГЕ

Тамшы, тамшы, там, там
Ажарлансын маң, маң.
Жердің беті жайнасын,
Қызу еңбек қайнасын.

Тамшыдан жаңбыр басталар,
Жаңбырдан ыстық жасқанар.
Егін де бітік болады,
Тайқазан асқа толады.

Еліміз нұрлы болады,
Халқымыз жырлы болады.
Тамшы айналып теңізге,
Берекені құрады.

ТАБИҒАТ ТА ТОЙЛАЙДЫ

Бүгін мейрам тамаша,
Қуаныш, шаттық жараса.
Аң мен құстар мәз болып,
Әндетіп жүр балаша.

Аюбай ойнап сырнайда,
Аяқоян ойнап қурайда.
Қасқырбай тартып домбыра,
Сандуғаш жырлап жырлауда.

Майысып қайың билейді,
Табаны жерге тимеді.
Жапырағы желбіреп,
Самал жел еді сүйгені.

Арқасы қозып аңдардың
Желпіндірді талдарды.
Той керегін бәріне,
Табиғат та аңдады.

Табиғат та тойлайды.
Үндесуді ойлайды.
Сұлулықты сезінтіп,
Мәңгілікке бойлайды.

Табиғаттың тілі бар,
Мұңға толы сыры бар.
Аяласа адамдар,
Ажарланып құлпырар.

26 мамыр 2021 ж. 1 171 0