Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол үстіндегі бата

Жол үстіндегі бата

Құнанбай мен Бөжей өзара дүрдараз болып, мәселе түйінін тарқатпағаннан кейін жағдайды Қарқаралыға барып шешпек болады. Құнекең жасынан жақсы көріп өскен қара шұнағын (бұл жерде Абайды айтып отыр) өзімен бірге ертіп әкетпекке бел буа­­ды. Қарқаралыға жүрерінде атына мінгелі жатқан Абайға анасы Ұлжан өзінің ақ саусақтарын жирен аттың жалына салып, былай деп үн қатады:

– Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күн­дестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жанашырдан айрылма! – дейді.

Анасының осы ақылынан кейін бала Абай тізгінді қоя береді. Қарқаралыға барғаннан кейін бала шәкірт Бөжекеңді алыстан көріп қалады да лезде, көкірегіне қолын қойып, дауыстап:

– Ассалаумағалейкүм!.. – деп иіліп сәлем береді. Қасындағы Байсал түрін тыжырайтып, антұрғанның баласын сәлемін неге аласың дегендей Абайға аларып қарағанда Бөжекең:

– Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе? – деді.

– Бөжеке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..

Бұл жауапты естіген соң Бөжей бар ықыласымен балаға жа­қындап:

– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым, ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың оң болсын! – деп бетін сипаған екен.

27 қазан 2020 ж. 560 0