Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұм соғыс кеуде тұсын жаралаған

Сұм соғыс кеуде тұсын жаралаған

9 мамыр – Қазақстан халқы үшін ұлы мереке. Жеңістің 76-көктеміне аяқ басқан егемен ел майдангерлерге қарыздар. Соғысқа қатысып, жеңіспен оралған, ерлікпен қаза тапқан не майдан даласынан оралмаған тұлғалардың есімі мен ерлік ісін ұмытпай, кейінгіге өнеге ету – бүгінгінің парызы.
Халқымыз үшін Б.Момышұлының есімі қадірлі. Жұртшылық И.Панфиловтың Отан үшін отқа түскенінен де хабардар, Р.Қошқарбаевтың ерлігін ұмытқан емес. Ісі тұтас ұрпаққа үлгі батыр тұлғалар туралы жазылып та, айтылып та, зерттеліп те жүргені аян. Десек те, Жеңіс туын желбіретуге барын салып, жан аямай от пен оқтың арасында айқасқан бір жарым миллион қазақстандықтың көпшілігі аталмай қалып жүргені жасырын емес.
Сәуірдің сәулелі күндерінің бірінде осындай бір жаңаша оймен редакциямызға ҰОС жылдарындағы ерен еңбек пен тылдағы ауыр тіршілікті, ауыл тарихын зерттеп, аудандық жинақтарды шығаруда атсалысып, тың деректер ұсынып жүрген А.Тоқмағамбетов ауылының зейнеткері Манат Есен­баева апайымыз келді.
– Тарихта 1418 күнге созылған алапат майданға жап-жас жігіттер мен он сегізде бір гүлі ашылмаған нәзік жандылар аттанып кете барған. Жастықтың бал дәмін сезе алмаған талай бозбалаларымыздың өмірі қыршыннан қиылғаны да ақиқат. Қан сасыған соғыс даласы қандай қиямет болса, тылдағы еңбектің өзі бөлек әңгіме. Кеудесінде патриоттық сезім оты лаулаған жастар мен орта буын кеудесін оққа тосса, ел қорғаушылардың киімі бүтін, қарны тоқ болуы – еңбектеген бала мен еңкейген қарттың тылдағы тіршілігінің нәтижесі еді, – деп бастады Манат апай әңгімесін.
Осы уақыт аралығында қанды қырғынға Қазақстаннан 1,5 миллион адам аттанып, оның 600 мыңдайын сұм соғыс жалмап, елге оралмаған. 500-ден астамы Батыр атанып, елге абыроймен, Жеңіс туын желбірете жеткен.
Сұрапыл соғысқа Сырдария ауданынан да кеудесінде намыс оты алаулаған 3 мыңдай азамат кеткен. Солардың ішінде ауданымыздың тумасы Нағи Маханов та бар. Соғысты көріп, елге есен-сау оралған майдангер қалған ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, бейнетінің зейнетін көрген екен. Бұл туралы бізге Манат апай баяндап берді.
– Мен Нағи Махановтың үлкен қызы Сәулемен бірге оқыдым. 7-сыныпқа дейін орыс мектебінде білім алған бізді сол жылы ата-анамыз қазақ мектебіне ауыстырды. Бір сыныптан бес оқушы, ішінде Сәуле, мен де бармын. Ол кезде ештеңенің байыбына бара алған жоқпыз. Кейін ойласам, сол уақытта барлығы балаларын орыс мектепке беріп, қазақ мектептерінің халі мүшкіл еді. Сондағы сол азаматтардың ісі ұлтына, тіліне деген жанашырлығы екен. Ол заманда бұндай әрекетке бару көзсіз ерлікке тең болатын...
Әйелі Күлшара апай бастауыш сынып мұғалімі болған. Нағидың ағасы Әбіш – аудандағы алғашқы заңгерлердің бірі. Ол туралы Сейтмұрат Ембергеновтің «Мен Асқар ауылынанмын» деген кітабында толық жазылған. Ағайдың балалары шетінен тәртіпті, еңбекқор болатын. Қызы Сәуле институт бітіріп, білікті балалар дәрігері болды. Өкініштісі, өмірден ерте өтті, – деп жалғады ол әңгімесін.
Нағи Маханов 1918 жылы Бидайкөл колхозында туған. Кейін аудан орталығына қоныс аударып, Тереңөзек кентінде қызметте болған. 1928-1935 жылдары орта мектепте оқып, кейін екі жылдық техникалық білім алған. Оқу бітірген соң Тереңөзекте жұмысқа орналасып, қызметке қызу араласа бергенде соғыс басталып, жас жігіт майдан даласына аттанып кеткен. 1942 жылдан бастап Кеңес Одағының коммунистік партиясына мүшелікке өтіп, 1939-1946 жылдары Кеңес әскері құрамында ерлік үшін жан аямай шайқасқан. Кішігірім зерттеуіміз барысында жауынгердің 1968 жылы өз қолымен жазған қолжазбасын көзімізбен көру бақыты бұйырды. Онда батырдың қысқаша өмірбаяны мен отбасы туралы, атқарған қызметтері мен қай майданда соғысқаны жазылыпты.
Ол Кеңес әскері қатарында әуе әскерлері және рота командирі болып қызмет атқарған. 1942 жылы қан майдан қызған тұста Мурманск облысының Қандыағаш бағытында соғысқан 121-атқыштар дивизиясының құрамында жүріп, партия қатарына өткен.
Румыния, Венгрия, Австрия, Чехославакияда Кеңес әскері құрамында жан алысып, жан беріскен жауынгер КСРО мен Финляндия арасындағы соғыста болған. Қызыл Армия 1939 жылдың қарашасында шабуылға шықса, Финляндия Кеңес Одағы тарапынан болуы мүмкін шабуылдан сескеніп, «Маннергейм шебін» тұрғызған. Бұл қорғаныс шебін Қызыл Армия үлкен шығынмен 1940 жылы бұзып өткен. Дәл осы майдан даласында біздің жерлесіміз Нағи Маханов та ерлікпен шайқасқан.
Фин соғысынан бастап, 1945 жылға дейін майдан даласында болған жауынгер әскер қатарындағы борышын абыроймен өтеген. 1946 жылы елге оралып, бірнеше жыл қатарынан Калинин атындағы мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. Сұрапыл соғыс майдангердің жаны мен тәніне қатар жара салып, елге денсаулығынан айырылып келсе де, қызметін жалғастырған. Кейін құқық қорғау органдарына қызметке орналасып, сол жерден 1972 жылы зейнетке шыққан.
«1941-1945 жылдары Германияға қарсы ҰОС-дағы Жеңіс үшін» медалімен марапатталған батырдың ұрпағымен байланыс орнатқан едік.
– Әкеміз жастықтың қызығын көрмеді. Жалындап тұрған шағында майданға аттанып кете барды. Елге оралғанда жаралы еді. Соғыс даласында жарылған снарядтан төсіне зақым келген. Кейін аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс жасады. Соғыс кеуде тұсына жара салған әкемізге 80-ге таяған шағында ота жасау қажет болды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген, қан майданнан есен-сау оралған әкем ота үстелінен тұрмады. Операциясы сәтсіз болды, – деп күрсіне есіне алды баласы Марат Маханов.
Артында екі ұл, үш қызы қалған ардагердің қызы Зауреш Махановадан батыр әке туралы үзік сыр сұрағанымызда:
– Әкеміз әскери қызметкер болғандықтан, аздап қаталдау еді. Аса көп сөйлемейтін де. Бір жағынан, ұдайы қызмет бабымен жүретін. Сондықтан да ол кісіден соғыс жайын, естеліктерін сұрауға батпайтынбыз. Бар қалғаны – әкеміздің көз алдымызда жүрген кезі. Қанша жерден қатал болса да, анамыз бен бізге деген мейірімі жанарынан көрініп тұратын, – деп ақтарыла салды.
Ата-ананы зарлатып, талай жас ғұмырды аяусыз қыршыннан қиған жер бетінде, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қанды қырғынның нәтижесінде жеткен Ұлы Жеңіс мерекесі биыл жетпіс алтыншы рет аталып өтілуде. Бұл қасиетті де, киелі күн – қан майданда, тылда ел алдындағы парыздарына адал болған, кеуделерін отқа да, оққа да тосып, ерліктің үлгісін көрсеткен батырларымызды ардақтайтын, ортақ Отанымыздың бостандығына құрмет көрсетумен ерекшеленетін күн, Ұлы мереке. Ел үшін шыбын жанын пида еткен әрбір қызғалдақ ғұмырдың ерен есімін мәңгі құрметтеп, аңызға айналдыру – біздің міндетіміз.
Жеңіс күні – тарих төрінен орын алатын ұлы мереке. Осынау күнде жұдырықтай жұмылып, білектей біріккен кең пейіл Қазақ елі жасап, егемен ел берідегі жүз жылдық пен әрідегі мың жылдықтарда баянды ғұмыр кешкей деп тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 мамыр 2021 ж. 699 0