Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Диірменнің сәні – қапшықтың дәні

Диірменнің сәні – қапшықтың дәні

Диқан қауымы егіннің бабына байыппен қарайтындығын ертеректен аңғартып келеді. Көктемгі қауырт жұмыстан бас алмай жатқан шаруалар жердің жомарттығына әбден қаныққан. Әрбір іске ыждағаттылықпен қарайтын егінші біткен бұл жолғы науқанда мол өнім алуға үмітті. Сондықтан біз «Диірменнің сәні – қапшықтың дәні» екенін естен шығармақ емеспіз. Біздің Ақжарма ауылындағы сапарымыз «Ақжарма және К» ферма қожалығында жалғасқан болатын.

Осыдан 8 жыл бұрын құрылған «Ақжарма және К» ферма қожалығы бүгінде 120 адамды маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы қожалық 2002 гектарға Сыр салысын егіп, орташа есеп бойынша 50 центнерден өнім алды. Елді мекенге кіретін күре жолдың бойында қожалықтың қырманы орналасқан. Мұнда тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын диірмен жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге 250 тонналық 3 қойма, 200 тонналық 5 қойма, 300 тонналық 2 қойма салынған. Қожалықтың теңгеріміне 10 комбайн, 18 трактор, 9 жатка кіреді. Заманауи техникалармен жабдықтау жыл сайын жүзеге асуда.

– Егін шаруашылығы саласында қажырлы еңбекпен диқандарымыз жо­ғарғы жетістікке жетіп келеді. Негізінен, қожалық «Лидер», «Партнер», «Сыр сұлуы» «Ақ маржан», «Янтарь» күріш сортын егумен айналысады. Жылдан-жылға тәжірибе жүзінде Сыр салысының бір­неше сортына мән беріп келеміз. Осы жылы 1900 гектарға күріш бастырамыз деген жоспар бар. Ең алдымен, техникаларымызды сайлап, шаруалардың сапалы қызмет етуіне мүмкіндік беруіміз керек, – дейді «Ақжарма және К» ферма қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов.

Біз барған уақытта зауыт меңгерушісі Мейрамбек Тынысбекұлы, Дина Құсайы­н­ова қауырт тірліктің барысымен таныс­тырған болатын. Осы күні қырманда 30 тонналық механикалық және 60 тонналық электронды таразы қожалықтың кәдесіне жарап тұр. Қырманда таңнан бері күріш тазалап, ауыр техника үстінде жүрген жұмысшы қыздар қатарында Гүлнұр Сары­баева, Қалдыгүл Дабысова, Салиха Аңсатова, Ақмарал Тұрғанова, Нағима Назарбаева, Оразкүл Маханбетова, Сан­ду­ғаш Ержанова, Жанат Науанбаева, Қатира Піржанова, Әмина Боран­баева бар. Ардақты аналар қырмандағы қызу тірліктің басы-қасынан табылып, бейқамдық береке бермейтіндігін біледі.

«Ақжарма және К» ферма қожалығы бүгінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда шаруалықтың есебінен қызметкерлерге тұрғын үй салып беру бір жолға қойылған. Өткен жылы 5 үйдің іргетасы қалануына септігін тигізсе, биыл 4 үйдің құрылысына қажетті материалдар алып бермек. Бір жылдары ауылдық поштаны күрделі жөндеуден өткізсе, «Болат Нұрсейітов» атындағы орталық алаңға көркейту-көгалдандыру жұмысы жүйелі ұйымдастырылуда. Қожалықта ашылған қоғамдық монша тұрғындар үшін үздіксіз қызмет көрсетеді. Ал қожалыққа қарасты дүкен ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтасыз ете бермек. 2019 жылы «Жыл меценаты» атанған білікті басшы Қайрат Нұрсейітовтің бастамасымен ауылда «Басапа ишан» мешіті бой көтергені мәлім.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 сәуір 2021 ж. 361 0