Ақжармалық диқандардың аяқалысы қалай?
Көктем мезгілі бел ортасына ауған шақ. Егін даласында қызу тірлік жүріп жатыр. Ырзық-несібесін жерден терген диқан қауымының егістіктегі нағыз қарбаласқа толы шағын көзбен көру өз алдына бір қызық. Бақыттың кілтін еңбектен тапқан шаруа біткенмен дидарласу үшін біз Ақжарма ауылына сапарлап қайттық. «Ақжарма-2» шаруа қожалығына барғанымызда еңбек адамдарымен жолымыз түйісті.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан Ақжарма ауылының диқан қауымы бізді жылы қарсы алды. Ең алдымен, трактор жөндеу алаңына барғанымызда «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисеновті жолықтырдық. Егістік басындағы трактор қапелімде бұзылған көрінеді. Техниканы жөндету үшін төраға механизаторлармен ақылдасу үстінде. Егінге дайындық басталған уақытта жұмысты тоқтатуға болмайтығын ескерген шаруалар екі күнде тракторды қатарға қоспақ.
«Неғұрлым жедел әрекет еткенде ғана бастаған іс өнімді болмақ. Дәл қазір техниканың барлығын сақадай-сай болғаны керек» деген іскер басшы өткен жылы жиналған өнім мен биылғы меже турасында сөз қозғады.
– Біле білгенге «Жер – ырыстың кіндігі, еңбек – ырыстың қазығы». Біздер бірнеше жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында бағымызға қарай еңбек етіп келеміз. «Ақжарма-1» және «Ақжарма-2» қожалықтарында бүгінде 250 адам тұрақты жұмыс істейді. Өткен жылы «Ақжарма-1» ФҚ 673 гектарға Сыр салысын егіп, 40 380 центнер өнім алды. Шаруалар гектарына 60 центнер өнімге қол жеткізді. Ал «Ақжарма-2» ШҚ 1000 гектардан 75 000 центнер өнім жинап, диқандар әр гектарынан 75 центнерден күрішті қамбаға құйды. Биыл қос қожалық бойынша 2035 гектарға күріш егуді жоспарлап отырған жайымыз бар. Былтыр қожалықтарда 458 гектарға ескі және жаңа жоңышқаның тұқымы себіліп, 9450 центнер мал азығы жиналды. Осы көктемде 476 гектарға ескі және жаңа жоңышқа егіледі деп күтілуде. Ақпан айының соңғы он күндігінде жоңышқаның бастапқы бөлігін бастырған едік. Бұл уақытта бидайымыз да көктеу үстінде, – деді қожалық төрағасы Марат Бисенов.
Іскер басшымен әңгімеміз трактор жөндеу алаңы мен қырман арасында да жалғасты. Еңбексіз өмір жоқтығын білетін шаруалардың маусымашар шақта қуанышты жаңалығы көп екен. Қырманда жаңа диірменнің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатқандығын көзімізбен көрдік. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде сәуір айының басында тәулігіне 50 тонна күріш ақтайтын диірменнің іргетасы қаланған. Құрылысшылар бүгінде диірменнің төбесін жабуда. Шілде айында пайдалануға берілетін диірменде 10 адам жұмыспен қамтылады. Аталған бағдарлама аясында өткен еңбек маусымында «Ақжарма-2» шаруа қожалығында құны 56 млн. теңге құрайтын чехиялық күріш тазалайтын цех орнатылғандығын көпшілік жақсы біледі. Диірмен толық іске қосылғанда 1, 5, 25 келілік күріш өнімі қапталады. Тағы бір тың жаңалық – күріш қалдығынан мал азығы дайындалады. Ағаш өнімдерін дайындау үшін цехтарға жөнелтіледі.
Шаруалардың еңбек етуіне барлық мүмкіндік қарастырылған қырманда ғимараттар қайта жаңартылған. 60 тонналық таразы электронды жүйеге көшірілген. Негізінен, қожалықта 53 ауылшаруашылық бағытындағы техника бар. Анығын айтқанда, 22 трактор, 17 комбайн жаткасы, 8 автокөлік, 2 жүк тиегіш трактор, 1 бульдозер тракторын еңбек адамдары тізгіндейді.
«Ақжарма-2» шаруа қожалығының кеңсесінің маңынан биыл 3 гектар жер көркейту-көгалдандыру бағытында жаңадан дайындалған екен. Алдағы уақытта ауыл тұрғындары демалуға арналған саябақ ашылып, жаңа көшеттер отырғызылады. «Ақжарма-2» шаруа қожалығы әлеуметтік мәселерді көтеріп, жергілікті халыққа көмектесуден еш тартынбаған.
– Елді мекен бойынша тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек тұрақты жасалып келеді. Биыл сәуір айында 7 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Ал қызметкерлерімізге уақытылы жалақысы төленіп, қосымша берілуде. Ынталандыру мақсатында автокөлік және бағалы сыйлық беріледі. Сонымен бірге тұрақты қызмет ететін мамандарымызға 13-ші айлық деген жобамыз бар, – дейді іскер басшы.
Қырманнан шыққан мезетте жүйткіген көлікпен қожалыққа қарасты №6 өндірістік бригадасына табан тіредік. Мұнда агроном және механизаторлармен бірге жер тегістеу барысына қанықтық. Бұрынғыдай жердің тозуына жол берілмейді. Күріштік алқапта су бір тегіс жайылу үшін жерді тегістеу маңызды рөлге ие. Заманауи технология «Лазер» аппаратының көмегімен кәнігі мамандар жердің ой-шұңқырын анықтап, қалыпқа келтіреді. Соның арқасында өнім бітік шығады.
Өз кезегінде «Ақжарма-2» ШҚ төрағасы Марат Бисеновке «ЮКАЗ груп» ЖШС Қызылорда облысы өкілдігінің басшысы Нұржан Мырзамұратов екі жақты әріптестік байланыс орнатқаны үшін арнайы сертификат табыстады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ