Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 292 ірі қара малы бар

292 ірі қара малы бар

«Ақжарма-2» шаруа қожалығы егін егумен қатар мал шаруашылығын да дамыту үстінде. Егіннің жайына қаныққаннан кейін жолымыз ірі қара малына күтім жасала­тын фермаға қарай бағытталды. Жол бастаушы – «Ақжарма-2» шаруа қожалығы төрағасының бірінші орынбасары Айтмағанбет Атымтаев.

Кәнігі маманнан мал бағудың қияметі мен қиындығы жайында сұрағанымызда қолынан бал тамған сауыншы мен күні бойы дамыл көрмейтін бақташы еңбегін айтып берді. Фермада екі сауыншы бар екен. Олар таңғы 4.00-де сиыр саууға кіріседі. Бас-аяғы 2 сағат ішінде сауыншылар арнайы аппарат көмегімен 400 литрге жуық сүт сауады. Бұл процесс күніне екі мезгіл қайталанады. 45 аналық сиырмен сырласатын да сауыншылар екенін ұмытпаған жөн. Негізінен, сүтті қожалық Қызылорда қаласына өткізеді.

Фермадағы қарбаласқан тіршілік қас қарайғанша жалғасады. Бірі төлдеп жатса, екіншісі ауырып қалады. Мұндайда бақташы барлығына үлгеруі тиіс. Таңғы 6.30-да төлдеріне шөп салудан бастайтын бақташы жекелеген қораларды тазалап, аналықтан бұзауларды айырады. Қазіргі таңда 3 бақташы ірі қара малына қарауын өз жауапкершілігіне алған. Күніне 100-ден аса сиырды баптайтын бақташы Мейрамбек Әбуов 15 жылға жуық уақытта фермада еңбек етіп келеді.

– Сиыр төлдеген кезде ең алдымен, біз үшін бұзауларға ат қойған қызық. Сүйкімділігіне қарай, түрлі ат ұйымдастырып жүремін. «Малды баға біл, бабын таба біл» деген қазақтың баласымыз. Күнделікті жанымдағы бақташылармен бірге Зеңгі баба төліне қараудан жалықпаймыз, – дейді бақташы Мейрамбек.

12 жыл бойы фермада мал дәрігері қызметін атқаратын Ғабит Сейілов 292 бас ірі қараның қазіргі жағдайына тоқталып, емдеу шаралары үздіксіз жүргізілетін жеткізді.

– Малдың ауруы әр мезгілдегі ауа-райына байланысты. Қан айналымы дұрыс болмаса да сиырлар аурушаң келеді. Бұзаулардың іш кетуінен, түрлі дертке шалдығуынан сақтап қаламыз. Жылына екі рет қан алынып, зертханаға жебіріледі. Қауіпті індеттерге қарсы тұрақты екпе салынып отырады, – дейді мал дәрігері.

Айта кету керек, фермада «Алатау» және «Әулие ата» тұқымды ірі қара малы бағылуда. Ет және сүт бағытында мал шаруашылығы қолға алынған. Соңғы үш айда 22 бас бұзау қатарға қосылған. Әр бұзауға 2-4 литр көлемінде сүт беріледі екен. Өсе келе бұзауға берілетін сүт көлемі азайтылады. Аналық сиыр бағуына қарай 356 келі, бұқалар 392 келіге дейін ет береді. Ал бұзаулар алғаш туғанда 21-22 келіні тартатын көрінеді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ 
20 сәуір 2021 ж. 744 0